Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Баланың бәрі бақытты болуға лайықты

Баланың бәрі бақытты болуға лайықты

Медицина ғылымы – алғаш пайда болғаннан бері дамуын бір бәсеңдетпеген сала. Бұл тұста ақ халаттылардың еңбегі ерен. Оған соңғы жылдары әлем және Қазақстан медицинасы саласындағы тың ақпараттардан да анық байқауға болады. Бұл уақыт талабы екені анық. Десе де дәрігерлердің мойнына артылар жүк жеңіл емес.
Мәселен, ерекше күтімді қажет ететін қоғамның осал тобы мүшелері қатары осынау дамуға қарамастан азаяр емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жаһанда жарық дүниеге келген әрбір 45-ші бала аутизм ауруымен туылады. Бұл тек бір ғана сырқаттың түрі екенін ойласақ, мүгедектіктің өзге де салдарынан дамуында кедергі болатын жандар қаншама екенін ойлай беріңіз. Бұл қатарда біздің мемлекетіміз де бар.
Ең қиыны, мүгедектікке шалдыққандардың арасында балалардың да үлесі жоғары көрсеткіштен түспеуі. Мәселен, деректерге сүйенер болсақ, елімізде 90 мың 18 жасқа дейінгі балаларының бойынан түрлі диагноздардың тіркелгенін байқауға болады. Ал аудандағы ахуал қалай? Бұл жайында аудандық балалар невропатологы Нұржігіт Құттымұратұлы:
– Мүгедектігі бар балалар ауданда жоқ емес. Тіркеуде тұрғандардың қатары да жыл санап артпаса, кемімей отыр. Мәселен, 2020 жылдың өзінде түрлі диагнозбен он бала тіркеуге алынды. Осыдан-ақ байқауға болады. Жалпы айтар болсам, қазіргі таңда аудан бойынша 80 бала тіркеуде тұр. Оларды түзету орталықтарына жіберіп, тұрақты түрде ем қабылдауына барынша жағдай жасаймыз. Көршілес Ақтөбеге, облыс орталығына және Қазалыдағы педагогикалық-психологиялық түзету орталығымен тығыз байланыстамыз. Бала денсаулығы үнемі басты назарда болып отыр, – дейді.
Иә, бұл дәрігердің бізге берген мәліметі. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға бір жақты көмек көрсетілмейді. Денсаулығының санатына қарай әлеуметтік қызметкерлер, тиісті мекемелер де жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Бұл балаларға қатысты қоғам алдында тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік ақталуы мен бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету екендігі қашанда айқын. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілген білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруді қарастыруы да балалардың қоғамға бейімделуіне, өзіне деген сенімді арттыруына жол ашты. Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы білім беретін мектептерде тең жағдайда бірдей білім алуына қолжетімділігіне алып келді. Соған байланысты, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқыту мен толық қамтылуын, олардың мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін және «инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруін» қамтамасыз ету көзделген. Ал осы жұмыстың аудандағы жүргізілу барысы қалай екендігін білім саласының мамандары айтсын.
Бүгінде осы бағыт бойынша арнайы инклюзивті сыныптар аудан көлемінде екі мектепте бар. Соның алғашқысы осыдан 7 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2014 жылы қаладағы №220 орта мектебінде ашылды.
Осы мектептің психологы Н.Дариқызы:
– Инклюзивті сынып ауданда алғашқы болып біздің мектепте ашылды. Жалпы, біздің мектепте психикалық дамуы тежелген оқушылар оқиды. Әдетте мұндай сыныптарда 12 баладан артық оқушы оқуға болмайды. Бүгінгі таңда 1-7 сынып арасында инклюзивті сыныптарда оқитын 47 оқушымыз бар. Бірақ алғашында ата-аналар арасында түсініспеушілік болды. Балаларды мұндай сыныптарда оқытуға қарсылық танытқанымен, қазірде нәтижесіне көз жетіп, барлығы алғысын айтуда. Мұның бір белгісі ретінде мектепте оқып жатқан балалардың қаладағы әр мөлтек ауданнан қатынап оқитынын, тіпті Сексеуіл кентінен келіп білім алатынын алсақ болады. Жалпы, психикалық дамуы тежелген балалар деп кеш дамитын балаларды айтамыз. Оларды өзге балалармен бірге оқыту дамуына, білім алуына кедергі келтіретіні сөзсіз. Мәселен, бір тақырыпты түсіне алмай қалса, ары қарай оны дамытып кету балаға қиындық тудырады. Сондықтан психологтар үнемі бақылауда ұстаймыз. Олармен сабақтан бос уақытында қосымша жұмыстар жүргізіп, дамуына ықпал ететін жаттығулар жасалады. Ал бала бойынан дамуды байқап, оның сабақты түсінуі, ары қарай өз бетінше жұмыс жасауға дағдылануы байқалған жағдайда оларды қалыпты сыныптарға ауыстырамыз. Қазіргі уақытта 30-дан аса бала қалыпты сыныпқа ауысып, білім алуын жалғастырып жатыр. Бұл – психологтардың, арнайы дефектолог маманның, білім беру жүйесінің үлкен жетістігі, – дейді.
Ал балалармен тығыз байланыста болып, оларға қосымша жұмыс жүргізіп отырған №220 орта мектебінің дефектологы Ақмарал Әбиева:
– Жалпы, бұл қызметтің басы-қасында жүрген жандар ғана жақсы түсінеді. Ерекше қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс жасау – қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Оларға тек мектеп бағдарламасын түсіндіріп қою жеткіліксіз. Дамыту керек. Сондықтан әр баланың диагнозына қарай түрлі жаттығулар жасатамын. Оқушының ұсақ қол маторикасын дамыту, тыныс алу, ойлау, сөйлеу мүмкіндіктерін арттыратын түрлі жұмыстар істеледі. Бірақ осының нәтижесін көріп, балалардың білім алуға деген қызығушылығы мен ынтасын сезінген кезде содан рақат аламыз. Жыл басында мектепке қабылданған сөздік қоры аз оқушылар оқу жылының аяғында сөйлем құрап, сөйлеп шыққанда, мерейіміз өсіп қалады. Мұғалім үшін баланың қуанышынан, бақытынан асқан бақыт болар ма?! – дейді.
Сонымен қатар мұндай балалармен жұмыс жасауда өзіндік біліктілігін көрсетіп, мамандардың еңбегін көзбен көріп, бас бармақпен бағалайтын ұстаз, қазіргі таңда Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінің директоры Күлайша Сүлейменова мектептердегі инклюзивті білім беру жайында былай дейді:
– Бұл жүйені мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру кабинеттерін ашудан бастап, жалпыға бірдей мектептерде ақыл-ойы кешеуілдеген балаларға арналған сыныптарды ашу аясын кеңейтуді қолға алу ҚР-ның 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Арал ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 22 қыркүйектегі №411 қаулысымен бекітілген №13 қосымшасына сәйкес және аудандық білім бөлімінің қолдауымен алғаш рет ауданда №220 орта мектеп базасында инклюзивтік коррекциялық-түзету сыныбы ашылды. Ол кезде мен сол мектептің директоры ретінде жұмыс істедім. Нәтижесін көзбен көрдім. Оқушылардың дамуын бірден байқауға болады. Қаншама шәкірттеріміз түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, жүлделі оралып жүрді. Олардың қуанышын, ұмтылысын көрген кезде соған себепші болғанымызға әрі ұстаздық борышымызды адал өтегенімізге мақтанып отырамыз, – деген Күлайша Тәниқызы ата-аналар атынан да алғысын айтуды ұмытпады.
Міне, бүгінде аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеп, білім алуы жолында істеліп жатқан жұмыстардың бағасы – осы. Кедергісіз келешекке сеніммен қадам басуға тәрбиелеп, санасы сергек, білімді ұрпақ өсіруде аралдықтардың еңбегін ауыз толтырып айтуға боларлықтай. Бірақ тек мұнымен ғана шектеліп отырған жоқ. Білім беру саласының мамандары ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін спорттық дамыту жұмысын да жүргізіп келеді.
Нақтырақ айтар болсақ, аудан орталығынан «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры іске асырып жатқан «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған паралимпиадалық спорт түрінен екі бірдей спорт секциясы №14 мектеп-лицей мен №64 орта мектептен ашылған болатын. «Саламатты болашақ» жобасы аясында тірек қимылдарында қиындық бар балаларға арналған БОЧА үйірмесі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Республикалық «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры Нұргүл Ұлжекова арнайы келіп, ашылуына қатысқан бастаманың мақсаты айқын. Осы уақытқа дейін Павлодар, Шымкент, Қарағанды, Алматы, Ақсу, Ақтөбе қалаларында нәтижелі жұмыс жасап келген секцияның аудандағы жұмысы жайлы №14 мектеп-лицей директоры Шара Бекеева:
– Бұл – үлкен бастама. Сондай-ақ үлкен қалаларда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бұл бастама Аралдан да ашылуын жетістік деп білемін. Міне, қазірде біздің мектепте 14 бала осы үйірме аясында аптасына 2 рет жаттығу жүргізіп келеді. Мектебіміздің екі денешынықтыру пәні мұғалімі балаларды дайындау жолында жұмыс істеуде, – десе, №64 мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Бекизат Рахманбердиев:
– №64 мектептен ашылған БОЧА үйірмесіне қазірде 10 бала қатысып жүр. Олармен аптасына 2 рет жұмыс істейміз. Арнайы доптармен жаттығу жасаймыз. Тірек-қимыл жүйесінде қиындығы бар балалардың талпынысы, қызығушылығы өте жоғары. Біз сол доптарды лақтыру барысында дәлдікке баулып, ойынның ережесімен таныстырып, өзара жарыс та ұйымдастырамыз. Жеңіске деген құлшынысы бар балалар өмірдегі қиындықты да жеңетініне сенеміміз мол, – дейді.
Түйін:
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға баулып, оларды өзіндік тұлға ретінде қалыптастыру – мемлекеттің де, әрбір азаматтың да міндеті. Жұмыс бар. Жалғасын таба бермек. Тәуелсіздігіміз баянды болу үшін әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасалу қажет.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
06 ақпан 2021 ж. 798 0