Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бексұлтан Сражадинов: Карантин тәртібіне бағынайық

Бексұлтан Сражадинов: Карантин тәртібіне бағынайық

Бүгінгі таңда жаһан жұртшылығын алаңдатып отырған пандемияның қаупі елімізде де сейіле қоймады. Қазірде 16 мыңнан астам адамнан анықталған сырқат салғырттықты көтермейді. Бойынан пандемияның белгілері табылған науқастардың қатары аудан бойынша да 50-ден асты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Міне, осы азаматтарды арнайы бақылауға алып, оларға ем-дом жүргізу бағытында аудан дәрігерлері мен медбикелерінің, жалпы медицина саласында қызмет жасап жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Уақытпен санаспай сырқаттардың айығып шығуы үшін күресіп жатқан 11 қызметкердің бірі – Бексұлтан Мирабекұлы Сражадинов.
1995 жылы Арал ауданында дүниеге келген жас дәрігер қаладағы №260 орта мектебін бітірген соң, өзі армандаған ақ халатты кию үшін осы медицина саласын таңдап, Ақтөбеге аттанады. Сол жақтағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «жалпы медицина» факультетіне оқуға қабылданады. 2019 жылы «жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша білім алған жас дәрігер қазіргі таңда елге қызмет етіп, А.Байтұрсынов ауылдық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері қызметін атқарып келеді.
Қазіргі ахуал жайында Бексұлтан Сражадинов:
– COVID-19 пандемиясынан ауруларды айықтыру, оларды тексеріп, емдом жүргізу үшін арнайы топ құрылды. Сол топтың құрамына қосылдым. Жұмыс оңай емес. Сырқаттармен байланыста болған адамдарды, сырттан жұмыстан келгендерді тексеріп, олардың нәтижесін күту, науқастардың жағдайын үнемі бақылауда ұстау асқан жауапкершілікті талап етеді. Пандемияның сипатынан-ақ мұны анық білуге болады. Десе де «өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты» дейді ғой. Менің сүйікті ісім де, сүйіп істейтін ісім де дәрігерлік болғандықтан, өзімді бақытты санаймын. Дәрігер үшін емделушінің айығып шыққанынан басқа жетістік болар ма, – дейді.
Иә, өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгені ажалдан арашалау үшін жанын салып күрес жүргізіп жатқан әрбір қызметкерге елдің алғысы ерекше. Өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне білген ақ халаттылар өз антының алдында барынша адал болуға міндетті десек те, бұл алдымен олардың қызметтік әрі адамдық борышы десек қателеспейміз. Ерен еңбектің еш кетпеуіне елдің де үлесі болуы қажеттігін айтқан дәрігер:
– Сырқаттың әлі де болса беті қайтпай тұрғанын көрсе де, халық арасында алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Есітіп жатамыз. Қоғам пандемияның барына сенетіндер мен сенбейтіндерге бөлініп алды. Алғашында жалпылама анықталғандықтан сондай ой туындаған болар. Бірақ дәл қазіргі уақытта аурудың нақты симптомдары бойынша тіркеліп отыр. Сондықтан бұқара халықты карантин тәртібіне бағынуға шақырамын. Тек жеке қорғаныш бетпердесі мен медициналық қолғап, антисептиктерден бөлек те қорғанышты күшейту керек. Пандемия салқыннан да болатыны анықталып отыр. Сондықтан барынша салқыннан, кондиционерден де қорғанып жүрген абзал, – деп кеңесін берді.
20 маусым 2020 ж. 1 025 0