Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халаттылар абыройын асқақтатқан күн

Ақ халаттылар абыройын асқақтатқан күн

Мемлекеттің басты құндылығы – адам өмірінің қауіпсіздігі. Ал, адам өмірінің қауіпсіздігі дәрігерлердің қолында. Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес. Олар әуелгі ретте адамның жаны мен тәнінің арашашысы екендігін іштей сезіне білуі тиіс.Осынау жауапты істің жүгін көтерген қызметкерлердің құрметіне орай 19 маусым – медицина қызметкерлері күні деп бекітілген. Науқастың жанын өзіндей сезіне біліп, дер кезінде жан ауырпашылығы мен сырқаттың салдарын анықтап, одан толық айығуға басты себепкер болатын ақ халаттылардың кәсіби төл мерекесі жоғарғы деңгейде аталып өтті. Ар алдында адал қызмет көрсететін сауапты істің саңлақтарына құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара аудандық мәдениет орталығы «Жыраулар үйі» ғимаратында ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға арнайылап келген аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов медицина саласының қызметкерлерін мерекесімен шын жүректен құттықтап:
– Ардақты ақ халатты абзал жандар, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасына амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер, - деп ыстық лебізін білдірді.
Сонымен қатар, мемлекетіміздің күре тамыры саналатын күрделі саланың үздік мамандарына «Алғыс хат» табыстады.
Салтанатты шара одан әрі жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күйден шашу шашылды.
Денімізге саулық, дертімізге шипа сыйлаған дәрігерлерімізге біз де жетістіктер тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
15 маусым 2018 ж. 1 435 0