Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас дәрігер есеп берді

Бас дәрігер есеп берді

Кеше аудандық аурухананың мәжіліс залында «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері Марат Ршымбетов 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есебін беріп, 2020 жылға қойылған міндеттерді баяндап өтті. Ауданның бас дәрігерінің есеп беру жиынына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков, аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов, медицина саласының қызметкерлері мен аудан әкімдігінің баспасөз қызметі қатысты .
Жиын барысында баяндама жасаған ауданның бас дәрігері М.Ршымбетов ең алдымен денсаулық сақтау саласы бойынша жұмыс жүргізу саясатына тоқталып, медицина саласында орын алған ілгерілеу жұмыстарын кеңінен тарқатып өтті.
Атап айтқанда, Арал ауданы бойынша денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық денсаулығын жақсарту жолында медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру, сондай-ақ, аудандағы емдеу-алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту және кадрлар біліктілігін арттыру бағытында біршама кешенді шаралар жүзеге асырылған.
Нақтылай кетсек, ауданның демографиялық көрсеткіші бойынша жыл басынан бері 1659 бала туылып, туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 0,6 промиллеге жоғарылап отыр. 1 жасқа дейінгі шетінеген бала саны 2018 жылы 15 бала болса, 2019 жылы 11 бала болды. Осы орайда, бас дәрігер ана мен бала денсаулығы, балалар арасындағы өлім-жітім, перинеталдық өлім, жол картасы бойынша жүкті және босанатын әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру және ана мен бала өлімін төмендету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атады.
Бұдан бөлек, туберкулез ауруымен алғаш рет ауырғандар және алғашқы рет тіркелген қатерлі ісік аурулар саны біршама төмендеп отыр. Бұл жөнінде салыстырмалы көрсеткіштер негізге алына отырып баяндалды. Жалпы денсаулық саласында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар сараланғанған жиында кадр тапшылығы да сөз болды. Дегенмен, есеп беру жылында13 дәрігер, орта буынды медицина қызметкерлерінен 16 жас маман ауданға тартылып, оның ішінде 5 дәрігер аймақтарға жіберіліп, қазіргі таңда аймақтардың дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 85,2 %-дан 90,0 пайызға көтерілген.
Айта кету керек, қазіргі таңа аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында144 дәрігер, 692 орта буынды медицина қызметкері бар. Соның ішінде, 20- ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі және 6-денсаулық сақтау ісіне үлес қосқан үшін төсбелгі иегері қызмет жасайды.
Өткен жылы, ауыл халқының игілігі үшін 31,6 млн. теңгеге 6 санитарлық автокөлік алынып, 3 автокөлік Қызылжар, Бөген, Жақсықылыш дәрігерлік емханаларына, 1 автокөлік Арал қаласындағы Байтұрсынов дәрігерлік емханасына, 2 автокөлік орталық ауруханаға табысталды. Сонымен бірге, ауданға қарасты Қосаман, Шөмішкөл елді мекендерінен жаңа медициналық бекеттер ел игілігіне берілсе, жергілікті бюджеттен 4,5 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, пайдалануға берілді.
Осылайша жыл көлемінде жүргізілген жұмыстар легі сараланған басқосуда облыстық басқарама басшысының орынбасары О.Искаов аурухананың жетістіктерімен қатар, кейбір орын алған кемшіліктерге де тоқталды.
Жиын соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов биылғы енгізіліп отырған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» барысына тоқталып, осы бағытта бірлесе жұмыс жасауға және денсаулық саласы бойынша халық тарапынан түсетін ұсыныс-пікірлерге тиісті деңгейде назар аударуға шақырды. Сонымен қатар, аса жауапкершілікті талап ететін мамандық иелерінің алдағы атқарылар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
29 қаңтар 2020 ж. 1 612 0