Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың тағзым саған, дәрігер!

Мың тағзым саған, дәрігер!

Әлем халқын алаңдатқан сырқат халық арасында үрей тудырғаны жасырын емес. Қазіргі таңда елімізде жүз мыңнан аса адамның бойынан табылған COVID-19 пандемиясымен күрес бір сәтке болса да толастамады. Карантин талаптарынан бөлек жауапты органдар мен ішкі істер саласы қызметкерлерінің, әсіресе науқастардың жанында жүріп, дертіне шипа табуда ерен еңбегімен танылып жүрген дәрігерлердің үлесі зор. Күн-түн демей өз өмірлерін қауіпке тігіп, елдің амандығы жолында аянбайтын ақ халаттылардың ерлігін ешкім жоққа шығара алмас.
Десе де пандемиядан төнген қауіптің қаншалықты екеніне көзіміз жетті. Талай жанды жақынымен, елді құрметтілерімен қоштасуға әкеп соқтырған сырқаттың салмағы жеңіл емес. Тіпті осы аурудан қаза тапқандардың қатарында дәрігерлер де болды. Басын бәйгеге тіккен жандардың қазасы қызметтік жағдайда болды десек те білімді мамандардан көз жазып қалу медицина саласы үшін де, қоғам үшін де орны толмас өкініш еді.
Міне, солардың қатарында білікті дәрігер Болатбек Накебайұлы Айсауытов та бар. Антына адал болып, халықтың денсаулығы үшін тер төккен ол ауданға танымал азамат болатын.
Бұл аты жаман індет менің туыстарымның ортасынан да айналып өтпеді. 5 шілде күні Арал ауданына танымал дәрігер,  менің нағашы ағам 53 жасына қараған шақта мәңгілік бақи дүниеге аттанды.
Болатбек Накебайұлы1983-1987 жылдары Қызылорда медучилищесінде фельдшер,1989-1995 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын «дәрігер-гигиенист  эпидемиолог»  мамандығы бойынша бітіріп, еңбек  жолын  1995 жылы  Қызылорда  облысы СЭС-те эпидемиолог қызметінен  бастады.Кейіннен Қызылорда обаға қарсы күресу бөлімшесінде дәрігер-бактериолог  қызметін  абыроймен атқара білді. Ал 2013 жылдан бастап Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының Қазалы бөлімшесінің зертхана меңгерушісі ретінде өзінің іскерлігін, қызметке деген адалдығын көрсетті.
Еңбек жолы талай жас маманға үлгі болуға тұрарлық азаматқа қандай құрмет көрсетсе де лайықты. Елдің амандығы үшін күресте көп жылғы тәжірибе мен өзіне артылған сенімді ақтай алған Болатбек Айсауытов пандемиямен күрестегі ерен ерлігі үшін «ҚР Құрмет» орденімен   марапатталды. Ол мұндай атақты иеленген аудандағы алтыншы адам атанды.
18 тамыз 2020 ж. 1 263 0