Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың құттықтауы

Құрметті медицина саласының қызметкерлері!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Халықпен біте қайнасқан қастерлі еңбек иесі – медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Бұл мереке дертке шипа, денге саулық сыйлайтын осы бір ардақты мамандық иелерінің еңбектері еленетін күн.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға дем беретін дәрігерлер қауымы қашанда құрмет тұтуға лайықты жандар. Әсіресе, еліміздегі әлемдік індетпен күрес жолында тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, адам өміріне араша түсіп жүрген Сіздердің еңбектеріңіз ерлікке пара-пар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, мәселелерін шешу керектігін атап өткен болатын. Бұл мемлекеттің ел медицинасына көрсетер қолдауы зор екенін білдіреді. Бүгінде ауданымыздың 1500-ге жуық тұрғыны өмірін медицина саласымен байланыстырып, халық алғысына бөленіп, осы салада тер төгуде.
Халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Сондықтан өткен жылы ауданға қарасты Сазды, Тастақ, Ақбай, Шөмішкөл, Қосаман елді мекендерінде медициналық пункт, Жаңақұрылыс елді мекенінен фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, жаңадан 6 санитарлық автокөлік ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда ауданға қарасты Сексеуіл кентінде ауылдық аурухананың және Шижаға елді мекенінен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар соңғы медициналық жабдықтармен жабдықтау да жүзеге асырылып келеді. Мұның барлығы ел игілігіне арналған істер.
Ардақты дәрігерлер, қымбатты сала мамандары!
Кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін. Төгілген тер, танытқан төзімдеріңізге алғыс айтамын!
Саламатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Еліміздің бүгіні баянды, ертеңі нұрлы, келешегі келбетті болсын!
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев
20 маусым 2020 ж. 811 0