Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы

Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы

Жыл сайын балалар күні мерекесінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалаған ата-аналар да бір марқайып қалатын. Ал биылғы жағдай белгілі. Карантин талаптары балалардың да емін-еркін асыр салуына өз әсерін тигізді. «Бәрі де өтеді, кетеді» демекші, әлекке салған індеттің беті қайтып, балалардың мәре-сәре болып, балабақшаларына барар қалыпты күні де келер.
Л.ӘЙТІМОВА

Мемлекет басшысы айтқандай, өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буынның жауапты екенін еске салатын мерекеде статистикалық мәліметтерге де көз салдық.  Одан қазіргі уақытта елімізде 6 миллионға жуық бала бар екенін байқауға болады. Былтыр 402 мыңнан астам, ал халық саны жағынан облыстағы аудандар арасында алғашқы үштікте тұрған біздің өңірімізде  де өткен жылы 1897 бала өмірге келген. Көбейгенімізге, өскенімізге қуанамыз.

1412 нәресте құрғақ сүтпен қоректенеді

Деректерге сүйенсек, еліміздегі алты айға дейінгі нәрестелердің тек 38 пайызы ғана ана сүтін емеді екен. Ал сәбилердің мерзімінен ерте емізуін тоқтату Сыр елінде де жиі кездесетіндіктен, көптеген жас аналар табиғи қоректендіруден гөрі жасанды қоспалар беруге көшкен. Осыған байланысты «Нәрестелердің ана сүтін ембеуі аналардың жағдайына байланысты ма?» деген сауалдың туындайтыны да белгілі.  Бұл сұраққа аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары А.Мектепбаева:
– Ананың сүті – жаңа туған нәрестені қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын теңдессіз тағам. Әсіресе жаңа туған сәбидің ми жасушаларының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделдететін қоректік заттарға өте бай. Ана сүтінің бала денсаулығы үшін ғана емес, оның бүкіл өмірінде зор мәні бар екені белгілі. Ал анадан сүттің дұрыс көлемде шығуына қоршаған орта, үйдегі ахуал, тамақтануы және соматикалық созылмалы аурулардың болуы секілді көптеген факторлар әсер етеді.  Ауданда құрғақ сүт пайдаланатын нәрестелер саны жылдан-жылға өсуде. Өткен жылы 1304, ал биыл 1412 нәресте құрғақ сүтті пайдалануда. Қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен дайындалатын жасанды сүттің ешбірі ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына тең келе алмайды. Себебі құрғақ сүттен нәрестенің ағзасына ақуыз бен минералды заттар түспейді, – деп жауап берді.

Педиатр тапшылығы байқалуда
 
«Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» демекші, бала сәл мазасызданса үй ішіндегілердің бәрінен дегбір кетіп, дәрігерге көрсетуге асығады. Бірақ нағыз балалар дәрігері тапшы. Еліміздің барлық аймағында жеткіліксіз. Кезінде медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультетінің жабылуы осындай жағдайға тіреді. Ал ауырған жерін айта алмайтын тілі шықпаған балаға нақты диагноз қойып, қазіргі заманғы аппаратура және технологиялармен жұмыс жасайтын, бала организмінің өзгерісін білетін кәсіби білімді педиатрлардың аса қажеттігі күн сайын сезіледі деуге болады. Сондай-ақ балалар  неонатологы, оториноларингологы, хирургі, көз дәрігері мамандарының міндетті түрде педиатр дәрігерлерден дайындалу керектігі де көтерілуде. Педитрдың тапшылығы барлық аймақтардағы тәрізді,  Аралда да анық байқалуда. Қазіргі уақытта елімізде балалардың жүйке жүйесі, ас қорыту, ішек, бүйрек, бауыр ауруларының саны артқан. Ал А.Мектепбаеваның айтуынша,  ауданда балалар арасында темір тапшылығы, яғни анемия мен қант диабеті аурулары жиі кездесуде.

Диабет дерті дендеп тұр

«Балалардың қант диабеті ауруының көрсеткіші облыс бойынша біздің ауданда жоғары. Бірінші типті инсулинге тәуелді қант диабеті бойынша 16 бала тіркеуде тұр. Олардың ең кішісі – 3 жаста» деген балалар  эндокринологы Г.Көбеева аурудың пайда болу себебіне байланысты:
– Бұл – иммун өндіретін ұйқы безінің жасушаларын біртіндеп жоюды тудыратын аутоиммундық ауру. Пайда болу себептері әлі күнге нақтыланбаған. Тіпті ата-анасы мұндай ауру түрімен ауырмаған отбасында да кездесуі мүмкін. Диабеттің дамуына вирусты инфекциялар мен стрестік жағдайлар да әсер етеді. Көбіне бала бір аурумен ауырған кезде, соның себебінен қосылып шығады. Аурудың алдын алуды екіқабат ана өзінен бастап, тамақтанудың теңестірілген немесе толыққанды рационын ұстануы керек. Өкінішке орай, қазіргі уақытта екіқабат аналар фаст-фуд пен газдалған тәтті сусындарға үйір. Ал ата-аналардың «Менің балам кириешки жеп, кола ішеді» деп, балаларына зиянды өнімдерді алып беретінін күнде көріп жүрміз. Мұның арты ауруға ұшырататынын үлкендер білу керек. Дәрігер ретінде айтарым, ең алдымен, баланың дұрыс тамақтануына ерекше мән беріңіздер, – дейді.
Бүкіл әлемге тараған «Жүгіріп жүріп қоректенуге», яғни фаст-фудқа үйір балалар арасында қант диабетімен қоса, асқазан, жүрек, қан қысымы секілді аурулар үдей түсуде. «Ас – адамның арқауы» дегенімізбен, тамақтанудың денсаулықтың құрамдас бөлігі екенін ескере бермейміз. Ал эндокринолог дәрігердің «Күн сайын балалардың бұл ауру түрімен тіркелмеуін тілеймін» деген сөзі үлкендер мен аналарға ой салар дейміз.
 
06 маусым 2020 ж. 9 924 0