Вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасалуы мүмкін – ДСМ
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Денсаулық сақтау министрлігінде жалған вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау мәселесі көтеріліп жатыр. Қазір жобада. Біз олардың мемлекетке қаншалықты зиян келтіргенін түсінеміз. Сондықтан бұл мәселені жеңілдетілген тәртіппен қарауға болмайды. Вакцина алғаны туралы паспортты сатып алған адамдар енді екпе ала алмайды, себебі мәліметтер базасында вакцина салдырғандар қатарында тұр. Сондықтан бұл мәселе әлі де қаралып жатыр», деді Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жалған вакцина паспортын сату бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалған.
Жалған вакцинация құжатын сатып алғандарға рақымшылық жасауды «Ел үшін егілемін» пандемияға қарсы азаматтық штабы ұсынды.