Тазалық сақтау – бірдің ісі емес, ортақ жұмыс

Аталған іс-шара аясында ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша бірнеше азаматқа хаттама толтырылып та үлгерген. Әрине мұның соңы айыппұл төлеумен шектелетіні түсінікті. Осы мәселе қозғалғанда барша аудан тұрғындарына үйден шыққан қоқыс қалдықтарын арнайы белгіленген орынға төгу қажеттігі ескертілген. Осы мәселеге қатысты желідегі оқырмандардың пікірін де саралаған едік.
«Міне, дұрыс болған екен. Арал ауданының полиция бөлімі қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары өзіне белгіленген аймақтарын осылай қолға алса, тәртіпке бағынары сөзсіз» деген екен Тілеужан Сүлейменов есімді желі қолданушысы.
Ал Көлбай Данабай есімді оқырман: «Дұрыс шара. Арал қаласы әкімдігі осылай үздіксіз заңды шара көру керек. Бірақ барлығын полицияға ысырып қойып, оларды үнемі жаманатты қылу қала тұрғындарының арына сын. Әрқайсысымыз саналы түрде көшеге де, басқа лас-қоқыс тастауға болмайтын жерлерге үйімізден шыққан, әсіресе дүкенімізден шыққан қоқысты тастамауымыз керек. Әсіресе жеке кәсібі бар азаматтар мен азаматшалардың өте ұқыптылықпен қоқысты тастай салмай, таса жерге апарып өртей салмай, саналы түрде қаржысын төлеп, коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің қызметін пайдалансақ екен. Осыны өзіміз үшін, ұрпағымыз үшін, яғни денсаулығымыз үшін жасайық. Барша Арал қаласы тұрғындарының есіне салып, атсалысуға шақырамын» деген пікірін қалдырыпты.
Бұл мәселеге бей-жай қарамай, қолдаған оқырмандар қарасы қалың. «Дұрыс, қолдаймын», «Бәрекелді» сынды пікір білдірушілермен қатар, бұл мәселеде өзге елдің тәжірибесін қолданып, тазалық мәселесін қылмыстық жауапкершілікке дейін көтеру қажеттігін ұсынғандар да болды. Демек сөз жүзінде бұл мәселені қолың оқырман қолдайды. Алайда іске келгенде, қолдағыны көзді ала бере тастай салатын әдеттен әлі арыла алмай келе жатқан секілдіміз. Расында, осы тазалыққа сергек қарау маңызды. Себебі ауаның ластануы ауру өршуіне әкеп соғады. Онсыз да қиын жағдайда тұрған еліміз үшін тазалық мәселесі бірінші орынға шығуы керек. Көп тілегі – осы.
«Толқын» ақпарат