Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САНИТАРЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

САНИТАРЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін аудан әкiмi Мұхтар Оразбаевтың төрағалық етуiмен қаладағы санитарлық тазалау жұмыстарының барысына талдау жасалынған штаб отырысы болып өттi.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, қала әкімі, бөлім басшылары мен құқық қорғау органының мүшелері және қала тазалығына тікелей жауапты мобилді топ жетекшілері мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қаланың жалпы тазалығы мен белгіленбеген аймаққа күл-қоқыс тастаған тұрғындарға қабылданған шаралар жайы тыңдалды.
Бірінші мәселе бойынша қала әкімі Б.Махатов күзгі санитарлық тазалық айлығы аясында қаладағы мекеме, ұйым, кәсіпорын қызметкерлерінің көмегімен 6 рет сенбілік ұйымдастырылып, бекітілген аймақтарда тазарту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, қала көшелеріне күн сайын тазалық жүргізу мақсатында қоғамдық ақылы қызмет атқаратын 25 адам тартылғанын жеткізді.
Айта кету керек, қала тазалығын жүзеге асырушы мердігер «Арал тынысы» ЖШС арқылы күзгі санитарлық тазалық айлығы барысында 445 тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар полигонға шығарылып, 1295 метр куб лас су тартылған.
Бұдан өзге, үстіміздегі жылдың 9 айында аудандық полиция бөлімі тарапынан тазалық ережелерін бұзған жалпы 1030 құқық бұзушыларға әкімшілік шаралар көрілген. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Әбдіразақ тарқатып өтті. Атап айтқанда, оның ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен, яғни белгіленбеген орындарға күл-қоқыс, темекі тұқылдарын және бөтелкелер тастау бойынша 257 дерегі анықталып, аудандық сот арқылы 203 тұлғаға барлығы 1 795 373 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, 54 азаматқа 1 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамақ белгіленген.
Дегенмен, тазалық ережелерін сақтауға бастайтын шаралар жүргізіліп, белгіленбеген орындарға тасталған лас-қоқыстар қаншама тазартылса да қала тұрғындары тарапынан тазалық қағидаларын өрескел бұзу әрекеттері тиылмай тұр.
Осы мәселені қатаң сынға алған аудан басшысы тазалық жұмыстарына немқұрайлылық танытпай, жұмыс қарқынын жандандыру керек екендігін баса айтты. Сондай-ақ, қаладағы бейнебақылау камераларының жұмыс жасауы, ойын алаңдарының, құрылыс алаңдарының тазалығын сақтау және мөлтек аудандардың тазалығы жөнінде мобильді топ өкілдеріне тапсырмалар беріп, жаппай белсенді жұмыс жасауға шақырды.
Жиын қорытындысымен тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
17 қазан 2019 ж. 887 0