Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жамбылда жойқын жарылыс болды

Жамбылда жойқын жарылыс болды

Осы аптаның бейсенбісінде Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде алапат жарылыс болды. Зардап шеккендер саны артып жатыр. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тұрғындар Тараз маңында әскери қойма өртенгенін айтып жатты. «Таразға барар жолда әскери қойма өртеніп жатыр. Көлікте соққы толқыны сезілді»,– деді куәгер. Кейін Қорғаныс министрлігі өкілдері оқиғаны растап, өрт сөндіріліп жатқанын мәлімдеді.
«Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрт салдарынан белгіленбеген заттар жарылды. Өртті сөндіруге бөлімнің өрт сөндіру командалары, шынжыр табанды өрт сөндіру машиналары тартылды. Оларға Жамбыл облысы бойынша ТЖД өрт сөндірушілері көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жарылыс қаупіне байланысты жақын маңдағы үй тұрғындары эвакуацияланды. Оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары бастаған комиссия аттанды. Олар ТЖ салдарын жоюмен айналысатыны айтылады.
«Бұл нысанның маңында Байзақ ауданындағы Үшбұлақ (120 тұрғын), Жібек жолы (500 тұрғын), Қайнар (85) елді мекендері орналасқан, олардың тұрғындары эвакуацияланды», – деді Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, әкімдік Тараз тұрғындарынан үйден шықпауды және терезеге жақындамауды сұрады. Ал эвакуацияланған елді мекендерді полиция күзетіп, қарақшылыққа жол бермеудің амалын жасап жатыр.
Қорғаныс министрлігі Байзақ ауданындағы жарылыс болған әскери қоймалдарда не сақталғанын мәлім етті. «Өрт шыққан орынды оқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт себебі анықталып жатыр. Қоймаларда инженерлік қару-жарақ сақталған. Олар алысқа ұшпайтын заттар», – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Жамбыл облысында жарылған әскери қоймаларға қатысты пікір білдірді.
«Жамбыл облысына Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері мен Ішкі істер министрінің орынбасары барды. Жарылысқа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Облыстық ТЖ департаменті мен әскерилерден 30 шақты қызметкер жарақат алған», – деп жазды Президент Twitter желісінде. Арада біршама уақыи өткен соң жарылыстан зардап шеккендер саны 60-қа жеткендігі хабарланды. Олардың 11-і әскери қызметкер. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
«Байзақ ауданы Жаңатұрмыс кентіндегі Қорғаныс министрлігі 28349 әскери бөліміндегі жарылыстаға байланысты республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез тасжолының 476-шы шақырымында жол қозғалысы шектелді. Қазіргі уақытта автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс Тараз жағынан 505-ші шақырым және Ақшолақ кенті тарапынан 474-ші шақырым (Жібек жолы бұрылысы) жабылды, қозғалыс жергілікті маңызы бар Тараз-Сарыкемер автожолында ашық», – деді министрліктегілер.

Ресми ақпарат көздерінен
27 тамыз 2021 ж. 609 0