Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі «5 сұрақ» айдарын жалғастыра отырып, оқырман назарына келесі ақпараттарды ұсынамыз.

Дәстүрлі «5 сұрақ» айдарын жалғастыра отырып, оқырман назарына келесі ақпараттарды ұсынамыз.

1. Саламатсыз ба! Зейнетақы жинақтарымның жай-күйі туралы ақпаратты қалай алуға болады?Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап оның кез келген күнге қатысты сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты тегін беруге, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетімділігінің электрондық және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етуге міндетті. Ал ақпарат алу тәсілін салымшы өзі таңдайды. Шоттан үзінді-көшірме алудың мынадай тәсілдері бар:
* пошта байланысы арқылы – жылына бір рет;
* таңдап алынған төлем кестесіне сәйкес электрондық пошта арқылы – (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);
* БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде – бұған шек қойылмайды;
* интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) – онлайн режимінде – шектеусіз;
* enpf.kz сайтына тіркелу жолымен оның «Жеке кабинет» арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болса egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы - шектеусіз.
Егер Сіз жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы үзінді-көшірмені дәстүрлі пошта байланысы немесе электрондық пошта арқылы алып келген болсаңыз және ол келмей қалса, бұған тұрғылықты мекенжайыңызды немесе электрондық поштаңызды ауыстырғаныңыз және осы өзгерістер туралы Қорға дер кезінде хабарламағаныңыз себеп болуы мүмкін.
Егер Сіз зейнетақы шотыңыз жайында үзінді-көшірме алу тәсілін таңдамаған болсаңыз немесе оны интернет байланысы арқылы алғыңыз келсе жеке басыңызды куәландыратын құжатпен жақын жердегі Қор кеңсесіне келіп, хабарлау тәсілі туралы қосымша келісім жасай аласыз. Қор бөлімшелерінің мекенжайлары мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.enpf.kz/kz/adresa-i-kontakty/regionalnaya-set/
Электрондық цифрлық қолтаңба бар болса оны Қор сайты арқылы да жасауға болады. Бұл операция бар болғаны бірнеше минутты алады.
Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алу - қазіргі уақытта өте танымал. Ол үнемді әрі зейнетақы жинақтарын кез келген уақытта онлайн тәртібінде бақылап отыруға мүмкіндік береді.
2. Саламатсыз ба! Мен Ресейге көшіп кетіп едім. Бір айдан соң, Алматыға қайтып ораламын. Сондықтан зейнетақы жинақтарымды алудың қандай жолы бар екендігін білгім келеді. Бұл қанша уақытты алады?
Жауап: Зейнетақы төлемдерін алушы ҚР аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін Қорға жеке өзі келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге жағдайлар көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;
2) алушының банк шоты туралы мәліметтері.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы аясында қызмет атқарады. Сондықтан зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтінішті қараған кезде мына Қағидаларды басшылыққа алады. Ол:
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидалары».
Соған сәйкес, егер Қазақстан азаматы, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам шетелге көшетін болса, онда ол бірінші кезекте елден кетуге арналған құжаттарды рәсімдейді. Бұл не үшін керек? Бұл Қазақстанда орындамаған (салық, мүлік, сот, мерзімді әскери қызметті өтеу және т. б.) міндеттемелерін анықтау үшін қажет.
Бұл үшін ол ҚР Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) аумақтық бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚО) барып өтініш жасайды.
Айта кетейік, Қазақстаннан кетуді рәсімдеуге арналған ақпараттардың барлығын ҚР Ішкі істер министрлігі ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорына жіберіп отырады.
Бұдан кейін шетелге көшетін азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш жасайды. Өзі келіп өтініш жасайтын болса: шетелдік паспортының түпнұсқасын, зейнетақы жинақтарын аударатын банк шоты туралы мәліметті ұсынады және өтініш жазады.
Айта кетелік, құжаттарды үшінші тұлға (сенім артылған) немесе пошта байланысы арқылы да ұсынуға болады.
Зейнетақы Қоры құжаттарды тексеруге алған соң, өтініш берушінің шетелге көшетіндігін растау үшін Мемлекеттік дерекқорға сауал жібереді.
Құжаттарға қатысты оң жауап алынса, ескертпелер болмаса, Қор құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлемдерді алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Ал егер құжаттарға қатысты жағымсыз жауап алынса немесе ескертпелер болса, зейнетақы Қоры өтінішті орындаудан бас тартып, алушыға бұл жайында
ескертіп, себебін түсіндіреді. Өкінішке қарай, бүгінде шетелге көшкен немесе көшетін кейбір азаматтар құжаттарды дұрыс рәсімдемейді. Алдымен шетел азаматтығын алып, кейін Қазақстанның азаматтығынан айрылады. Бұл дұрыс емес.
Ең алдымен, Қазақстанға келіп, белгіленген тәртіпте елден кетуге арналған құжаттарды рәсімдеу қажет. Кейін Қазақстан азаматтығынан бас тартуға болады. Бұдан кейін егер зейнетақы жинақтары болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп өтініш жасай алады.
Құжаттардың барлық тізбесін, оларды рәсімдеу талаптарын, сондай-ақ, өтініш бланкалары мен толтыру үлгілерін «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан мына сілтеме бойынша таба аласыз: https://www.enpf.kz/kz/uslugi/pensioneram/poryadok-oformleniya-pensionnykh-vyplat/vyplaty-v-svyazi-s-vyezdom-na-pmzh-za-predely-respubliki-kazakhstan.php
3. Саламатсыз ба! Мен өзіме зейнетақы шотын ашуым керек еді. Бұған ақша төлеу керек пе? Қандай құжат керек?
Жауап: Зейнетақы шоты тегін ашылады. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) Заңда көзделген құқықтарды, міндеттерді және жауапкершілікті, сондай-ақ БЖЗҚ мен салымшы (кейіннен зейнетақы төлемдерін алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың басқа да ерекшеліктерін бекітеді.
Егер Сіз бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған болсаңыз, жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу жөнінде өтінішті толтыруыңыз қажет.
Жеке зейнетақы шоты - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) міндетті зейнетақы жарналары немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары не ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық табысы, өсiмпұл және өзге де түсiмдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты.
Салымшы ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу үшін Қор бөлімшесіне өзі келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:
- жеке өзі келгенде – жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа); - сенім білдірілген тұлға өтініш жасағанда – сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа), нотариат куәландырған сенімхат не оның нотариат куәландырған көшірмесі, салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі.
Сонымен қатар Сіз ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті мына сілтеме бойынша онлайн тәртібінде рәсімдей аласыз: https://www.enpf.kz/kz/uslugi/budushchim-pensioneram/otkrytie-individualnogo-pensionnogo-scheta-ips-za-schet-obyazatelnykh-pensionnykh-vznosov-opv.php
Бұл үшін қолыңызда электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті (ЭЦҚ) болуы керек немесе Қор сайтының Жеке кабинеті Сіз үшін қолжетімді болуы қажет.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғанда оның жинақтары мұрагерлерге қалай беріледі?
Жауап: Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31-33 – баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда алдымен оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (биыл ол: 2405*52,4 = 126 022 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс.
Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі - мұрагерлік құқығы туралы куәлік.
Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Заң бойынша, мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш, мұраға қалдырушы қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. Егер уақыт өтіп кетсе, онда сотқа жүгінуге тура келеді.
Барлық зейнетақы шоттарындағы жинақтар мерзімсіз сақталады. Салымшылар қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне беріледі. Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі Қопрдың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған.
5. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй үшін бастапқы жарна төлеу үшін алуға бола ма? Біз жас отбасымыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекаға үй алуға мүмкіндігіміз бар. Қазір пәтер жалдап тұрамыз.
Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек заң аясында ғана қызмет атқарады. Сәйкесінше «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда,
әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі мерзiмсiз болып белгiленген жандарға төленеді.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.
Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені өтеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.
Жалпы, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрақты түрде дамып келеді. Салымшылардың сауалдары мен өтініштеріне сараптама, ал зейнетақы жарналарына мониторинг жүргізілуде. Актуарлық есептемелер жасалып, әлемдік тәжірибелерге талдау жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.
06 тамыз 2018 ж. 1 028 0