Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада заңсыз автокөлік жүргізген ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

Қызылордада заңсыз автокөлік жүргізген ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

Әдеп жөніндегі кеңес 2 ауыл әкімін тәртіптік жазаға тарту жөнінде шешім қабылдады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселемен Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берікбол Байхожаев алдыңғы кеңес отырысында қабылданған шешімдердің орындалу жайын баяндады.
Жиында Арал ауданы Райым ауылдық округінің әкімі Рүстем Қарауымбетовтің тәртіптік ісі қаралды. Кеңес мүшелері тәртіптік істі жан-жақты қарады. Р.Қарауымбетовтің автокөлікті басқаруға құқығы жоқ бола тұра, қызметтік автокөлікті басқарып, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін «Сөгіс» беру жөнінде шешім қабылдады.
Сондай-ақ Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Оңталап Мүсілімнің тәртіптік ісі талқыланып, ауыл әкімінің әлеуметтік желідегі орынсыз пікіріне құқықтық баға берілді. Қызметтік тергеп-тексерудің материалдарымен танысып, ауыл әкімінің түсінігін тыңдаған кеңес мүшелері ауыл әкіміне «Ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануды ұсынды.
Мұнан соң Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуы бағытында атқарылған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Кеңес мүшелері аудан әкімінің есебін тыңдап, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалары мен әдеп кодексі талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.
Сонымен қатар кеңес отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы туралы Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ләззат Бақтыбаеваның және облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Айгүл Мырзағалиеваның атқарылған жұмыстар туралы баяндамалары тыңдалып, жауапты мемлекеттік органдарға тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.



kyzylorda-news.kz
30 қыркүйек 2021 ж. 246 0