Ел өміріндегі маңызды құжат
Биылғы ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ақпарат құралдарынан оқып таныстым.
Көпшіліктің көкейінде жүрген ұстаз мәртебесінің артуы, жалақының өсуі, жастарға деген мемлекеттік қамқорлық тәрізді мәселердің қамтылуы көңілімнен шықты. Мемлекет, әсіресе, зейнетақы, жалақы мен түрлі жәрдемақыға баса көңіл аударуда. Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау мүмкіндігі. Өте орынды бастама деп ойлаймын. Енді оның шекті мөлшерін өзгертсе, бұл қарапайым халық үшін тиімді болар еді. Бүгінде тұрғын үй өткір мәселеге айналып отыр. Осы орайда үйдің бағасы өспесе екен деген тілегім бар. Өйткені зейнетақы жинағы әркімде әртүрлі, бәрінің зейнетақы жинағы пәтер алуға жетпейтіні анық. Сонымен бірге қарапайым жандарды азық-түлік бағасының өсуі алаңдатады. Иә, биліктің бағаны өсірмеу жолында жұмыс істеп жатқанын білеміз. Дегенмен, азық-түлік бағасын тұрақтандыру ел жағдайын жақсартудың алғы шарты екені белгілі.
Жолдауда ел өміріне серпіліс беретін жағымды жаңалықтарға куә болып, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, əлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бұл құжаттың маңызы зор деп ойлаймын. Енді соның орындалуын күтеміз.
К. АЛДАСБЕРГЕН,
қала тұрғыны