QazVac вакцинасын жасаушылар мемлекеттік сыйлық алады
БҒМ «ҚР әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы екі мемлекеттік сыйлық беріледі:
«Розеофунгин-АС» жаңа отандық бірегей дәрілік препаратын әзірлеу және өндіруді ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмысы үшін,
«Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін.
БҒМ түсіндірме жазбасына сәйкес, 2021 жылға арналған «Мемлекеттік сыйлықтар мен стипендиялар» бюджеттік бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының сомасы 37 200 000 теңгені құрайды. Екі ұжым 18 600 000 теңгеден сыйақы алады.
Жарлық жобасы 5 қарашаға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.
«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» институт қызметкерлері әзірлеген биопрепараттардың 7 түрін шығарады, оның ішінде «Розеофунгин-АС» – бұл отандық продуцент негізінде алынған, зеңге қарсы және вирусқа қарсы белсенділігі жоғары алғашқы бірегей жүз пайыз отандық препарат. Институт зауытында микроорганизмді өсіру үшін қоректік орта дайындаудан бастап препарат алуға және тубаға жақпа орауға дейінгі бүкіл өндіріс тізбегі іске қосылды.
«Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» халықты вакцинациялауда белсенді қолданылатын QazVac коронавирустық инфекциясына қарсы отандық вакцинаны әзірледі.