Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер нені білуге тиіс

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер нені білуге тиіс

Жүргізуші куәлігін алу рәсімі барынша автоматтандырылған. Алайда теориялық және практикалық емхтиханды біреудің атынан тапсыратындар әлі де бар. Соның салдарынан жол қозғалысы ережесін дұрыс білмейтін жүргізушілер рөлге отырып жатады.Осыған байланысты жүйеге тағы өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Жүргізуші куәлігін берудің қазіргі тәртібі мен алдағы өзгерістер туралы біле жүріңіз.

Емтиханға өз бетінше оқыған адамдар кіре алады  

Қазақстанда заң бойынша жүргізуші куәлігі 18 жастан бастап беріледі. Оны алу үшін алдымен жол қозғалысы ережелерін оқып, көлік жүргізуді үйрену керек.
"А", "В", "С", "Д" мен "E" санатындағы көлік құралдарын, трамвайларды және троллейбустарды басқару үшін оқу ұйымдарында толық даярлық курсынан өту қажет. Алайда "А" және "В" санатына тапсыратындар үшін жеңілдік қарастырылған. Егер олар тұратын жерде жүргізушілерді даярлау және қайта даярлау ұйымдары болмаса, тиісті бағдарламалар аясында теориялық және практикалық тұрғыда өз бетінше дайындалуға мүмкіндік бар. Олар емтиханды мемлекеттік корпорация ғимараттарында және автоматтандырылған автодромда тапсырады.
Болашақ жүргізушілер емтиханға дейін медициналық тексерістен өтеді. Анықтама емханада немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі. Қазіргі кезде медицина қызметкерлері ХҚКО-да отырып, тексеріс жасайды.
Емтиханды тұрақты тіркелген жерде тапсырады. Ал уақытша тіркеу болса, мерзімі 6 айдан артық болуы шарт. Әскери қызметшiлер әскери бөлiмнің орналасқан жерінде емтиханға кіреді.

Емтиханнан өте алмағандар не істейді?

Жүргізуші куәлігін алу үшін екі емтихан тапсыру қажет. Біріншісі – теориялық, екіншісі – практикалық. Теориялық емтихан тапсырмаған адам практикалық емтиханға жіберілмейді. Ал емтиханнан өте алмағандар жеті күннен кейін ғана қайта тапсыра алады.
Дегенмен кейбір адамдар үшін емтиханды үш күннен кейін қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Олар:
  • тұрғылықты жерін ауыстыратындар;
  • әскери қызметке шақырылғандар;
  • оқуға баратындар;
  • ұзақ мерзімді (үш айдан артық) iссапарға кететiндер.
Емтиханды үш күннің ішінде қайта тапсыру үшін растайтын құжаттарды көрсету керек. 
Теориялық емтиханның бағасы үш айдың ішінде жарамды болады. Одан кейін емтиханды қайта тапсыруға тура келеді. Ал практикалық емтихан да сәтті тапсырылса, жүргізуші куәлігіне құжат тапсыруға болады.

Жүргізуші куәлігін алу тәртібі

Бүгінде жүргізуші куәлігін рәсімдеу шаралары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жасалады. Ол жерде бірнеше құжат ұсыну қажет. Олар:
1. Жеке куәлік;
2. Медициналық анықтама және оның көшірмесі;
3. Дайындық курсын аяқтағаны туралы куәлік және оның көшірмесі немесе автоматтандырылған ақпарат жүйесі арқылы алынған құжат;
4. Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
5. "С", "D1", "D", "Тм", "Тб" қосымша санаттарын беру үшін жұмыс өтілін растайтын құжат (жұмыс орнынан анықтама);
Жүргізуші куәлігін алу үшін төленетін мемлекеттік баждың көлемі  1,25 АЕК (3 646 теңге) құрайды.
Жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаннан кейін оны ауыстыру кезінде теориялық және практикалық емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Ал көлік құралын басқару құқығынан айырылған жағдайда жазаның мерзімі аяқталғаннан кейін теориялық емтихан тапсыруға тура келеді.
Биылдан бастап медициналық тексеріс кезінде флюорографияға түсудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, көлік жүргізушілері өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүре алады. Басқа құжаттарды көрсетудің қажеті жоқ.

Жүргізуші куәлігін айырбастау

Қазіргі кезде мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, жүргізуші куәлігін айырбастауға болады. Ол үшін "Электронды үкімет" порталы арқылы жүргізуші куәлігін айырбастауға өтінімді оның қолданылу мерзімі өткенге дейін жіберу керек:
  • мына сілтемеге өту;
  • авторизация жасау немесе порталда тіркелу;
  • электронды өтінімнің алаңдарын толтыру;
  • фотосуретті және қолтаңбаның сканерленген үлгісін қосу;
  • төлем карточканың көмегімен онлайн қызметтің ақысын төлеу;
  • өтінімге электронды цифрлық қолтаңбаны қою.

Онлайн тапсырыс бергеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігін алу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға барып, бірнеше құжатты тапсыру қажет. Олар:
  • жеке құжат;
  • бұрынғы жүргізуші куәлігі;
  • 083-у нысанды медициналық анықтама.
Айта кетері, денсаулық сақтау министрінің соңғы бұйрығы бойынша жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту үшін терапевт, окулист, лор, психиатр мен наркологтың тексерісінен өтсе де жеткілікті.

Биометриялық тексеріс болады

Жақында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта жүргізуші куәлігін емтихансыз беру фактілерін өз көзімен көргенін мәлімдеді.
"24 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталығында болдым. Шынымды айтсам, жұмысына көңілім толмады. Себебі кейбір фактілер анықталды. Оны жемқорлыққа жатқызып отырмын. Өйткені адамдарға теориялық және практикалық емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік жасалды. Иә, ондай жағдайлар аз шығар. Бірақ біз шын мәнінде қанша рет болғанын білмейміз ғой", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министр жүргізуші куәлігін алу процедурасынан өзі де өткен. Сол кезде емтихансыз құжатты қалай алуға болатынын көріпті. Қазіргі кезде бақылау шаралары күшейтіліп отыр. Алдағы уақытта емтиханға кіретін адамдарды биометриялық тексерістен өткізеді.

alashainasy.kz
08 қараша 2021 ж. 674 0