Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада биыл 3 мың 334 адам зейнетке шықты

Қызылордада биыл 3 мың 334 адам зейнетке шықты

Жыл басынан бері Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы тұрғындарға әлеуметтік қолдау бағытында 76 мың 271 қызмет көрсеткен. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында зейнет алушылардың саны 76 мың 423 адамды құрасы, олардың 3 мың 334-не зейнетақы биылғы жылдың 10 айында тағайындалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығындағы өткен баспасөз жиынында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиал директорының орынбасары Руслан Қалмұратов мәлімдеді.
Сондай-ақ, спикер келер жылдан бастап ұлғаятын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін де айтып өтті. Жаңа жылдан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ға өсетін көрінеді. Соның арқасында еліміз бойынша ең төменгі зейнетақы 46 мың 302 теңге болмақ. Ал, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 19 мың 460 теңге деп белгіленіпті.
Жаңа 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің құны 3 мың 63 теңгеге ұлғайтылмақ. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы 60 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың 18 теңге деп айқындалыпты.
Баспасөз жиынында Қызылорда облысында төрт және одан да көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар саны 29 мың 326-ге жеткендігі айтылды. Оның 4 мың 135-і көпбалалы ана статусын биыл алған.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілеріне де төленетін жәрдемақы көлемі көбейтілмек.
«І топтағы мүгедектің жәрдемақысы 2021 жылы 65860 теңге болса, 2022 жылы 69 155 теңге алады. Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер 5%-ға өсті. Бұрын мүгедек балалар бір санатты «16 жасқа дейінгі мүгедек балалар» және «16-18 жастағы мүгедек балалары» мүгедектік топқа бөлінетін еді. Енді 7 жасқа дейінгі және 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар болып мүгедектік топқа бөлінді. Бұл ретте 3 топтағы мүгедек балалар үшін мөлшер 0,64-тен 0,96 АЕК-ке дейін артты. Сондай-ақ, егер сіз бұрын бала кезінен І-топтағы мүгедекке күтім жасау үшін жәрдемақы алған болсаңыз, енді қазір мүгедектік себептеріне қарамастан І-топтағы мүгедектерге күтім жасау үшін күтушілеріне жәрдемақы төленетін болды», – деді Руслан Қалмұратов.Келесі жылы баланың тууылуына байланысты біржолғы берілетін жәрдемақының да көлемі артпақ. Осыған дейін бұл санатқан бір баланың туылуына 110 846 теңге берілсе, 2022 жылы 116 394 теңгеге төленбек. Ал, төртінші балаға берілетін жәрдемақы 192 969 теңгені құрамақ.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік салада 44 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді екен. Одан бөлек, Халық, Кассий банк бағдарламалары арқылы да бала туғанға және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыға құжат тапсыруға болады. Мүгедектігіне байланысты жәрдемақыны да осылай рәсімдеуге мүмкіндік бар. Жалпы биылғы жылы төлемдердің 18 пайызы Проактивтік қызмет алқылы жүзеге асырылған.
Kyzylorda-news.kz
24 қараша 2021 ж. 356 0