Шетелде жұмыс істеп келген дәрігер отандық медицинадағы былықты жайып салды
Германияда жұмыс істеп келген шымкенттік дәрігер Ғабит Нұрханұлы отандық медицинадағы біраз былықтың бетін ашты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Бір жарым жыл Германияда тәжірибе жинап келген дәрігер Ғабит Нұрханұлының қазақстандық ақ халаттыларға өкпесі қара қазандай. Айтуынша, Гиппократ антын қабылдаған дәрігерлер науқастың материалдық жағдайына қарап емдейді. Яғни, ақ халаттылар ақшасы барлар мен таныстарына ерекше қарым-қатынас танытады. Бұл туралы ол портал тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Германияда 83 млн халық бар. Алақандай жерде осынша адам тұрады. Ауруханаларына келушілер өте көп. Бірақ, ондағылардың науқастан ақша алу деген ойына да кіріп шықпайды. Пара беру, алу деген жүйе жоқ ол елде. Мейлі әкім, мейлі дәрігер болсын, барлығы халыққа жұмыс істейді және сол үшін мемлекеттен жалақы алып отыр. Егер сіз Германияда туылсаңыз, қайда тұрамын не қалай күн көремін деп бас қатырмайсыз. Ол мемлекеттің проблемасы.
Алған жалақыңа қарай салық төлейсің. Барлығын мемлекет бақылап отырады. Мәселен 2 мың еуро жалақы алып жүрген мен 200 мың еуро тұратын көлік міне алмаймын. Мінген күннің өзінде, "қандай ақшаңа алдың?" деп мемлекет қадағалап отырады. Онда қалталы не қараша халық деп бөліп-жару жоқ. Медициналық қызметтің барлығы тегін. Олардың барлығында сақтандыруы бар. Ал бізде қалай? Менің түсінгенім, бізде адам денсаулығын "қара базарға" айналдырып жіберген" деп", - әңгімесін бастады Ғабит Нұрханұлы.
Германияға аттанбас бұрын отандық медицина мекемелерінде жұмыс істеген дәрігер әсіресе өзі туып өскен Шымкенттегі денсаулық сақтау саласына қатты ашуланып, жұмысқа кіру, науқасты емдеу бизнеске айналып кеткен деп отыр.
"Шымкент - "жыландардың" ордасы ғой. Астанада тек дәрігерлер ақша алса, Шымкентте бәрі алады. Дәл медицина жағында осындай бизнес қатты дамып кеткен. Былықтарды айтсаң, жетіп жатыр. Елдегі дәрігерлер аштықтан ұят, намыс, ар дегенді ұмытқан. Науқастарға аш қасқырдай қарап тұрады. Германиядан кейін ол маған жабайылық боп көрінді", - деді Шымкент тумасы.
Одан өзге дәрігер Ғабит Нұрханұлы елдегі ұлттық ғылыми медициналық орталықтардың жұмысына шүйлікті.
"Ұлттық" деген аты айтып тұрғандай халыққа, ұлтқа жұмыс істеуі керек. Ал бізде ондай орындарға байлар келеді. Ұлттық деген атауы бар Ұлттық кардиохирургия орталығы, нейрохирургия және тағы басқа орталықтар адам емдеумен емес, бизнес жасаумен айналысады. Бір таныс қызым сырқаттанып, томографияға түскен соң басында ісігі бар екені анықталды. Мен ол кезде Германияда едім. Оған ұлттық нейрохирургиялық орталыққа барып, операия жасатуға кеңес бердім. Ондағы дәрігерлер ота жасау үшін 1 млн ақша сұрапты. Кейін ақшасы болмаған ол Қарағандыда емделіп шықты. Ондағылар ақша сұрамаған. Қуанғанынан дәрігерге өзі 75 мың теңге беріпті. Ол да дұрыс емес. Науқас сұрасын, сұрамасын ешкімге ешнәрсе беруге міндетті емес. Науқастар беріп үйренген соң, ақ халаттылар "ақша берсе екен" деп дәметіп тұрады", - деп сөзін жалғады шетелде жұмыс істеп келген маман.
"Егер Шымкенттегі медицина мекемелері жұмыс ұсынса, келер ме едіңіз?" деген сауалға дәрігер ұзақ ойланып, былайша жауап берді:
"Шымкент - туған жерім. Бірақ, мен бір өзім ондағы жемқорлықпен қалай күресемін? Егер мені жұмысқа шақырып жатса, өз шарттарым болады. Алдымен "Осы жемқорлық мәселесімен күресіп, оны жоймақ едік. Соған өз үлесіңді қоссаң" десе, келісемін. Бірақ, жалақы жоғары болуы қажет. Өйткені бізде дәрігерлер ақшаны не үшін алады? Әрине, алып отырған айлығы жетпегендіктен. Ал оны халық асырауға міндетті емес.
Жұмыс беруші төлеуі тиіс. Жетпей ме, жұмыс берушіңе барып айт. Жалақыңды көтерсін. Тағы жетпей ме, қосымша жұмыс істе. Өз күніңді өзің көр. Тағы да қайталап айтамын, халық дәрігерлерді асырауға міндетті емес", - деді Ғабит Нұрханұлы.
Отбасылық жағдайына байланысты отанына оралған дәрігер бүгінде Астанада қаласында хиджама тәсілімен науқастарды қабылдап жатқанын айтты. Егер күн көру тіптен қиындап кетсе, Германия елінің есігі өзі үшін қашан да ашық екенін жеткізді.
"Дəрігерлерге айтарым науқастан ақша, пара алу - қылмыс. Егер бұл дүниеде ешкім ұстап алып жазаламаса, онда о дүниеге барғанда пара алғаны үшін Алла алдында жауап беріледі. Науқастардың тіпті ризашылығым деп ақ халаттыларға тәттілер ұсынуының да қажеті жоқ. Сырқатыңнан сауықтың ба, ризашылығыңды сөзіңмен жеткіз", - деп сөзін түйді Шымкенттен шыққан дәрігер.