Қазақстандықтарды желтоқсан айында не күтіп тұр?
Белгілі қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова қыстың алғашқы айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қандай қиындықтар күтіп тұр
Әбдірайымованың айтуынша, желтоқсанда вакцинация мәселесі өзектілігін жоғалтпайды, керісінше, халықты коронавирусқа қарсы егуге баса мән беріледі.
«Айдың екінші жартысында және қаңтардың бірінші онкүндігінде әлем елдерінде локдаун жарияланып, шекара жабылуы мүмкін. Сонымен қатар азық-түлік бағасы өсіп, тапшылық қолдан жасалады», – деп болжады маман.
Сонымен қатар, осы айда банк жүйесінде елеулі проблема болуы мүмкін. Сол себепті желтоқсан мен қаңтар айларында үйіңізде қолма-қол ақша болғаны дұрыс.
Бұдан бөлек, мұнай нарығында, биржада тұрақсыздық байқалады.
Ең дұрысы, осы айда ешкімге қарыз бермеу.
«4 желтоқсанда күн тұтылады. Осының әсерінен, әсіресе айдың бірінші онкүндігінде жалған ақпарат көбейеді, бұқара санасын бұрмалау, нағыз ақпараттық соғыс шағы туады. Бұл кезеңде әлемдік аренада да, жеке өмірде де басталатын экономикалық және заң даулары ұзаққа созылуы мүмкін. Жалпы қаржы, ортақ бизнеспен байланысты жаңа істер үшін сәтсіз кезең», – деп ескертті жұлдызнамашы.
Астрологтың болжамынша, желтоқсанда Плутонның ықпалымен кей адамдардың көзқарасы өзгереді, ішкі бір трансформациядан өтеді. Өзгеріске іштей дайын жүрген жандар бұл мерзімді еш шығынсыз өткізеді.
Маман айдың 15-20 аралығында туған Тауешкі, Тоқты, Шаян, Таразыларға тәуекелге бармай, өте мұқият болуға кеңес берді. Ал осы кезеңде өмірге келген Сарышаян, Балық, Торпақ, Бикештер табысқа кенеледі. Десе де, оларға да сақ болған абзал.
Сонымен қатар, желтоқсан айында логика, табандылық, төзімділік, ой қорыту іске қосылады. Барлық ақпаратқа талдау жасап, ой елегінен өткізген жөн.
Желтоқсан күндеріне болжам
1, 2 желтоқсан – оптимизм, романтизм, әділдікке ұмтылу уақыты. Бірақ бұл күндері кей адамдар беймаза күй кешеді, біреуге өкпе-реніші, қызғанышы болуы мүмкін. Сүйіктіңізбен ара қатынасыңыз жақсарады. Күш-қуатыңыз молайып, энергияңыз тасиды.
3, 4 желтоқсан – көңіл-күй тұрақсыздығы. Әр естіген, оқыған ақпаратты сүзгіден өткізіңіз. Өйткені 8 желтоқсанға дейін алданып қалу және қате шешім қабылдау ықтималдығы сақталады. Бұл, әсіресе, 6-7 желтоқсан күндері ерекше сезіледі. Ұмытшақтық, ойдың шашыраңқылығы, салғырттық, алаңғасарлық. Ақыл-ой және жазбаша жұмыс, сауда, инвестиция, қарызға ақша беру, дәрігерге қаралу үшін қолайсыз кезең. Көлік апаты, су, дәрі, ішімдікпен байланысты жазатайым оқиғалар болуы ықтимал. Ақша мен сапарға қатысты мәселелерге баса назар аударған жөн.
8, 9 желтоқсан – ашушаңдық, қоқан-лоққы байқалады. Басшылықпен жанжалдасып қалуыңыз мүмкін, жоғары органдардан көмек сұрауға қолайсыз кезең.
Тауешкі белгісінде Венера мен Плутон қосылады. Ал бұл эмоциялық тұрақсыздықты білдіреді. Плутонның энергиясы әлдеқайда күшті, ғашықтардың сезімі күшейіп, жаны өзгерісті қалайды. Венера – махаббат, Плутон – физикалық махаббат. Жалынды сезім, махаббат қызықтары, жаңа таныстық айы. Бұл кезеңде сезімталдық артады, көңіл жарастырған қыз-жігіттердің қарым-қатынасы мәнді бола түседі. Барлық кемшілік, кедергілер мен тыйымдар ұмытылады. Бірақ, бұл мерзімде көзге шөп салу да көбейеді. Сондықтан, астролог қыздар мен әйелдерге мұқият болуға кеңес берді.
Сондай-ақ бұл уақытта адамдар шектен шығуы мүмкін. Сол себепті шыдамдылық танытып, бәрін сынаудан аулақ болыңыз, өйткені өкпе-реніш ұзаққа жалғасатын жанжалға әкеп соғуы ғажап емес.
Айдың соңына дейін алимент, мұрагерлік, ортақ ақшамен байланысты мәселелерді шешуге тура келеді. Акция, спекуляция, биржа, қаржы мәмілесі, қаржылық операцияларға мұқият болу керек.
Шығармашылық, сән-салтанат заттарының саудасы үшін сәтті кезең. Көп адам қомақты ақша ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Әсіресе, бұл Шаяннан басқа, жер және су белгілеріне қатысты. Ал Тоқты, Шаян, Таразы зодиак белгілеріне қырағы болған абзал.
9, 10, 11 желтоқсан – сезімталдық, қамқорлық, көңіл бөлу, түсіністік таныту, жаны ашу. Жақсы серік тауып, философиялық-діни тақырыптарға әңгімелесуге құлшыныс оянады. Басшылыққа өтінішпен жүгінуге болады. Бірақ 12 желтоқсанда берілген уәдеге көп сенбеңіз, сізді ерікті-еріксіз алдап кетуі мүмкін.
Ал 13 желтоқсаннан бастап айдың соңына дейін адамдар кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарайды, иллюзиядан арылады, талдау жасайды. Болашаққа жоспар құрып, мақсатқа қол жеткізу стратегиясын әзірлейтін уақыт.
14 желтоқсаннан бастап митингтер, қызу пікірталастар жиілейді, жаңа бірлестіктер құрылады. Бірақ бір мезетте бірнеше іс бастап, өз күшіңді асыра бағалап, қарсыластарыңды осал санаудың қажеті жоқ. Саяси деңгейде және жеке өмірде бостандық пен әділеттілікке күрес байқалады.
18, 19 желтоқсан – құндылықтарды қайта бағалау, ұмытылған немесе аяқталмаған іске қайта оралу, бұрынғы сүйіктіңізбен қауышу. Бұрынғы күйеуіңіз немесе бұрынғы әйеліңізбен қайта араласуыңыз мүмкін. Бұл кезеңде қарызға берген ақшаны қайтарып алу қиынға соғады. Некелесуге, сауда келісімін бекітуге, қаржылық операциялар жасауға қолайсыз кезең.
20 желтоқсан – қызықты кездесулер, жаңа ақпарат, ниеттес адамдармен кездесу, оптимизм.
Ал 21 желтоқсаннан айдың соңына дейін Сатурн-Уран энергиясының ықпалында боламыз. Жаңылысу, эмоцияға берілу, дау-жанжал, қарым-қатынас дағдарысы, шығындар, кедергілер, ортақ ақшаны бөлісудегі қиындықтар. Алайда Марс – Сатурн энергиясының әсерінен адамдар шыдамдылық танытып, еңбекпен бәрін жеңуге тырысады. Сүюді және сүйікті болуды қалайды. Әдемілікке ұмтылады, шығармашыл жандардың шабыты оянады.
Жалпы желтоқсан шығармашылық, қайырымдылық, рухани істер үшін, сүйген жанға сезімін білдіру үшін таптырмас ай.
kyzylorda-news.kz