Қаржының ашықтығы қамтамасыз етіледі

Тапсырма орындалуымен құнды. Қазақстан Республикасының халқына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесу міндеттерін орындау мақсатында айтылған қор құрылды. Қордың міндеттері мұнымен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қолдау және қор қызметінің басқа бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету жұмыстары да бұл қатарға енеді.
Қазірде жұмысын бастап кеткен қорға 17 қаңтар күнгі таңертеңгі есеп бойынша 6519 қазақстандықтан 10.1 млн теңге түсті. «Қазақстан халқына» қоры арқылы қайырымдылыққа «Kaspibank» АҚ және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе – 10 млрд теңге, «Халық» қайырымдылық қоры» ЖҚ – 2 млрд теңге, «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС – 350 млн теңге және басқа да заңды тұлғалар елеулі үлес қосты. Жалпы, заңды тұлғалардан 12.36 млрд теңге түсті. «Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, ҚР Президенті Әкімшілігінің және басқа да мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлеріне бір күндік жалақыны аудару арқылы қорға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз» делінген қор таратқан мәліметте.
Иә, қор басшылығы алынған барлық қаржы қаражатының толық ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.
"Толқын" ақпарат