Қор қаржысы халық игілігіне

“Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 проценттен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін “Қазақстан халқына” қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі”– деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге бұл қордан сирек ауруға шалдыққан бүлдіршіндерге де көмек көрсетіледі. Себебі көптеген отбасылар емдеу ақысын көтере алмайтыны белгілі.
“Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып табылады. Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да, Қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыс жалғасуда”, –деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Яғни, бұл – мұқтаж тұрғындарымызды жан-жақты қолдауға арналған көлемді жоба болмақ. “Қазақстан халқына” қоры ешқандай мемлекеттік органға қарамайды. Сонымен қатар жауапты бақылаушы тағайындалып, жоспары мен жобалары, бюджеттері туралы қалың бұқараға ашық сайтта жарияланатын болады. Аталған қорға мемлекетіміздегі ауқымды компаниялар мен ірі бизнес орталықтары, ауқатты тұлғалар аударым жасап тұруы тиіс. Бұл елдің жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды бастама болмақ
Г. ӨТКЕЛБАЕВА,
қала тұрғыны