Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары жалғасуда. Мемлекет басшысы өңір орталығында жұртшылықпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың Твиттердегі парақшасы хабарлайды. «Сыр бойы – елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір! Қызылорда – халықтың тағдырлы шешімдері қабылданған қала. Республикалық деңгеймен салыстырғанда Қызылорда халқының тұрақты табысы әлі де төмен. Мәселені бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Мен мұны түсінемін. Бірақ жағдайды өзгерту керек. Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру - Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті», - деді Президент. Қазақстан Президенті азаматтардың еңбек құқығына тоқталып, шетел компанияларында жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың мүдделерін қорғауды сөз етті. «Азаматтарымыздың еңбек құқығы – қоғамды мазалайтын келесі мәселе. Әсіресе, шетел компанияларында жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың мүдделерін қорғау маңызды», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Тұңғыш Президент бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асатынын және ауқымының кеңейетіндігін атап өтті. «Тұңғыш Президент бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асады және ауқымы кеңейеді. Әлеуметтік саясатты одан әрі тиімді жүзеге асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлеміз. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады», деді ол. Қазақстан Президенті кездесу барысында облыс әкіміне тапсырма берді. «Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне оларды өз уақытында әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
https://24.kz/
14 мамыр 2019 ж. 827 0