Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын аяқтауды тапсырды

Тоқаев Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын аяқтауды тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қызылорда облысындағы жұмыс сапарында өңір жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысымен жүздесуге 400-ден астам қызылордалық қатысты. Жүздесу барысында Қазақстан Президенті еліміз бен аймақ дамуында маңызды болып табылатын бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Сыр өңірінде қазіргі таңда шыны зауыты құрылысы жүргізілуде.
«Шыны зауыты құрылысын аяқтауымыз тиіс. Өндіріс орнының аумағында өз деңгейіндегі өндіріс орны мен бизнес-кластерді дамыту бағытында қолайлы жағдай жасалуы қажет. «Байтерек» холдингіне жергілікті әкімдікпен бірге қазақстандық тұңғыш шыны зауытын іске қосуды тапсырамын», - деді Қазақстан Президенті.

Негізінен бұрыннан Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлінген. Аймақтың басты дақылы - күріш өндірісін дамытуда кейінгі жылдарда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Күріш өндірісі көлемі 2 есеге артты. Сондай-ақ, күріш экспорты 10 есеге артты. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру бағытында бірқатар іс-шараларды қолға алу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жаз айларында Сыр өңірінде су тапшылығы көрініс береді. Сондықтан бұл бағытта су қоймаларын салу мәселесі өзектілігін көрсетіп отыр.
«Аталмыш мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі мен облыс әкімдігі біріге отырып, нақты жұмыс жүргізуге тапсырма беремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жүздесу барысында аймақта кәсіпкерлік дамыту, ірі кәсіпорын қатарын арттыру мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағытта облыс басшылығының атқаратын нақты міндеттер белгіленді.
Жүздесуде Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін шешу бағытында көрсеткен қамқорлығына ризашылығын жеткізді. Тұңғыш Президенті - Елбасының қолдауымен жүзеге асқан Арал теңізін сақтап қалу жобасының бірінші кезеңі аясында Арал теңізіндегі су деңгейі көтеріліп, балық шаруашылығы қайта жанданды. Осылайша жергілікті тұрғындар бұрынғы кәсібіне қайта оралды.
Ал Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков, «Аралтұз» АҚ басшысы Айдынбек Тауасаров, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мемлекет пен аймақ дамуының түрлі салалары жайында баяндап, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.
Жүздесу соңында еліміз бен Қызылорда облысының дамуына қосқаны үшін бір топ азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінажадин Өтеев, облыстық көп бейінді аурухананың дәрігері Абдулла Шүленбаев, «Бақ-Береке» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, Шиелі ауданы Нартай өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов бар.
https://syr-media.kz/
14 мамыр 2019 ж. 910 0