Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру

Мақсат – әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мәжіліс отырысы өтті. Жиында Президент елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасады. Онда Мемлекет басшысының әр шешімі халықтың жағдайын жақсартуға, елде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын айқын аңғарамыз.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қарапайым халық қаржылық бағыттағы мемлекет қолдауын сезінбей отырғанын айта келе, барлық жұмыстардың ашық болуын ескертті. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының жұмысын сынға алып, реформа жүргізуді тапсырды. Елдегі экономикалық дамудың  негізгі пайдасын қарапайым бұқара емес, бай-бағландар көріп отырғанын, осы олигархтар еркін нарықтың дамуы мен еліміздің бәсекеге қабілеттілігін тежеп отырғандығын қынжыла айтты.
"Мысалы, Қазақстанның Даму Банкі таңдаулы азаматтардың жеке банкіне айналған. Олардың қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарына қызмет көрсетіп келеді. Жоғары кабинеттерге кіруге құқығы бар тұлғалар өз жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасап алған. Ол ауқымды жұмыстарға бүтін бір мемлекеттің ресурсы жұмсалып отыр. Осы жобаларға кеткен мемлекет қаражатын шағын және орта бизнесті дамытуға бағыттайтын едік" – деді Президент.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлердің халықпен сөйлесу ашықтық деңгейі әлі күнге дейін төмен екендігіне тоқталды. Тіпті кейбір шенділер бұқарамен тілдесуге қорқатынын айтып қалды.
Сондай-ақ жаңадан жасақталған үкіметке көпшілікті толғандырып жүрген утилизациялық алымдарды жою жөнінде  нақты тапсырма берді. Сондай-ақ ол төлемдермен көрші елдердегі секілді мемлекеттік мекемелер айналысуы қажеттігін айтты. Ал утилизациялық алымдар жарнасы қайта есептелетіндігін тілге тиек етті.
«Халықтың «Оператор РОП» дейтін компанияның қызметіне қатысты күдігі мен күмәні көп. Бұл жеке компанияға қарсылық ұйымдастырып, наразылыққа дейін ұласты. Үкіметке утилизациялық алымын тоқтатуды және оны «Оператор РОП» алым жинауын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұны мемлекеттік ұйым жасауы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент халықтың әлеуметтік жағдайына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазір тұрғындар шамадан тыс көп несие алып жатыр екен. Осы жағдайдың алдын алу үшін Ұлттық банкке реттеу тетіктері арқылы нақты шешімдер қабылдауға шақырды. Ал жаңа үкіметке 2 айдың ішінде халықтың табысын арттыруға арналған бағдарламаны дайындауды тапсырды. Жұмысқа орналастыруды қажет ететін адамдардың нақты санын анықтау керектігін айта келе, еліміздегі маңызды әрі өзекті тақырыптарға тоқталды.  
Президент прокуратура, Қаржы министрлігі мен өзге мемлекеттік органдар кедендегі, әсіресе Қытаймен шекарадағы жағдайды "тәртіпке келтіруі керек" деп мәлімдеді. Жиында Мемлекет басшысы шекарадағы былықтарға ерекше тоқталды. Әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы бекеттерде қаржы "шикілігі" көп деді. Оның сөзінше, екі ел арасын күзететіндер көліктерді дұрыс қарамайды. Салық пен баж салықтарын жинауда кемшіліктер бар. Көрші елдің пайдасына түскен қаражатты біздікімен салыстырғанда миллиардтаған доллардай айырмашылық бар, деді.

Одан бөлек "Astana LRT" жобасына тоқталды. Мемлекет басшысының пайымынша, он жылдан бері құрылысы аяқталмаған жеңіл рельсті қоғамдық көлік жолын салу әу баста қате шешім болған. Сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба деп сынаған. Ел арасында бұл бағандарды «жемқорлыққа арналған ескерткіш» деп те атап кеткен. Енді бұл құрылысты бұзу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Бізде осы жобаны пайдаланудың ықтимал нұсқаларын айқындайтын отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырудан басқа амал жоқ. Сондықтан Президент осындай қыруар қаражат жұмсалып, шетелдік компания тартылған жобаны толық аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін әскери және қорғаныс саласында шұғыл шараларды жүзеге асыру керек екенін айтты. "Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек",– деді Қ.К.Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, ұлттық қауіпсіздікті қорғау жүйелерінің жұмысын түбегейлі қайтадан ұйымдастыру – стратегиялық міндет. Яғни, қарулы күштер, құқық қорғау органдары, ҰҚК, сыртқы барлау қызметінде реформа жасап, күштік құрылым дайындығын арттыру керек. Материалдық-техникалық мәселелерді шешуге көңіл бөлу қажет. ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы жасақ бөлімшелерінің санын көбейтуді және арнайы жасақ сарбаздарының жалақысын көтеруді тапсырды.  
Осы тұрғыда "Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек",– деді Президент.
Әлеуметтік теңдік орнататын уақыт жетті. Қазақстанда өте бай адамдар пайда болды. Олардың халыққа көмектесетін кезі келді. Мемлекет басшысы еліміздегі бай-манаптарды жиған байлықтарымен халықпен бөліссін, деді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды және тұрақты жарна аударатын ірі компаниялардың тізімін бекітуді бұйырды. Бұл қор денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешуге көмектеседі. Ел үкіметі республикалық бюджеттің 50 пайызынан астамын әлеуметтік шығындарға жұмсайды екен. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан Президент осы қорды құруды тапсырды. Бұл қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға да көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік-экономикалық мәселелер кейбір мемлекеттік органдар жұмысының осалдығын ашық көрсетті. Атқарушы билік елдегі жағдайдан, халықтың қажеттілігінен бейхабар болып шықты. Жиында Мемлекет басшысы Үкімет жұмысына осындай баға берді.
Экономикалық өсім туралы айтылғанымен, халық арасындағы бай мен кедейдің алшақтығы ұлғайған. Төтенше жағдай кезінде кей тұлғалар қомақты қаржысын шетел асыруға тырысып жатқаны да сөз болды. Ең алдымен еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу керек. Елдегі барлық топтардың табысы экономика өсімімен қатар көбеюі керек еді. Бірақ бізде олай емес. Мәжіліс отырысында елдегі жағдай мен алдағы жоспар туралы айтқан Мемлекет басшысы қоғамды алаңдатқан мәселелерді егжей-тегжейлі айта келе, алдағы уақытта білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы және де басқа салаларды дамыту бойынша тың бастамаларды халыққа жария етті.
Мәжілісте Президент жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа 2022 жылға арналған бағдарламаны әзірлеуге үш апта уақыт берді. Жоба ақпанда өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырылмақ. Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың мақсаты – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту екенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент теңге бағамын тұрақты етуге ден қоюды, жекешелендіруді жүйелі және ашық жүргізуді тапсырды. Бюрократия елдегі реформалардың өз деңгейінде атқарылуына зиянын тигізіп отыр. Президент атқарушы билік өкілдеріне қағаз бетіндегі әдемі сөз емес, нақты жүзеге асқан шаруа маңызды деп қадап айтты. Алдағы уақытта бұл жұмыстың сұрауы мен бақылауы  қатаң болары сөзсіз.

Дайындаған
К. МАХСҰТ 
18 қаңтар 2022 ж. 431 0