Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің амандығы бәрінен қымбат

Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетініне ерекше тоқталды. Президенттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемеақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар. Мемлекет басшысы басқа да ауру түрлері бойынша тиісті медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жағдайдың нашарлағанына арнайы тоқталды. Сонымен қатар кеңесте басқа да мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шетелдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған мемлекеттермен жол қатынасын барынша оңтайландыруды тапсырды.
Президенттің айтуынша, әуежайларда, темір жол вокзалдарында қатаң эпидемиялық бақылау режімін қайта енгізіп, «қызыл аумақтан» келетін адамдарды экспресс-тестілеуден өткізу мәселесін жолға қою керек. Сондай-ақ Үкімет шетелдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған мемлекеттермен жол қатынасын барынша оңтайландыруы тиіс. Ол халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды елдегі экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуінен шыға алды деп есептейді. Бизнесті ынталандыру жөнінде шаралар қабылданып, тұрғындардың аз қамтылған топтарына көмек көрсетілді. Дүниежүзілік банк еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің қарқынын жоғары бағалады.
Жиында Президент бүгінде астық жинау ісі аяқталып келе жатқанын, биыл 20 млн тоннаға жуық астық жиналғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артық екенін, жиналған өнімді сақтауды қамтамасыз ету және фермерлерге өнімін шетелге сатуда көмектесу қажеттігін жеткізді.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына қатысты басқа да мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, Президент ветеринарлық қызметтің даму деңгейінің төмендігі құс тұмауының өршуіне жол бермеу үшін уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік бермегенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында негізгі күш халықта екенін, сондықтан індетке қарсы күресте ел болып бірлесе қимылдау өзінің жемісін беретінін атап өтті.
«Толқын» ақпарат.