Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жөн сөйлеп, дұрыс ойла

Жөн сөйлеп, дұрыс ойла

Жақсы сөз айту – бағасы қымбат емес, ең жақсы сыйлық. Иә, ақылды адам сөйлерден бұрын алдымен жүрегінен өткізіп, кейін тілмен айтады. Ертеден бері үйдегі үлкендеріміз бізге “жақсы сөз айт, жақсы ой ойла” деп жатады. Қазақ халқының бойына сіңген әдет-ғұрып пен тәрбиенің бастауы осы – жақсы сөз сөйлеу. Адам өзі қандай болса, ауызынан да сондай сөз шығады демекші, отбасында балаға қалай сөйлеу керек екеніне аса назар аударған жөн. Бұрын бір ғалымға “сіз кім боласыз?”-деп сауал қояды. Ал ғалым: “мен түрме қарауылымын”-деп жауап қатады. Сол кезде түсініңкіремеген тілмен: “сіз қалайша түрме қарауылысыз?”-дейді. Ғалым ұзақ ойланбастан: “мен тілімнің басқаларға кесірі тимеуі үшін оны әр уақыт қамауда ұстаймын”- деген екен. Дана халқымыз да: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» немесе «Алдына келгенді жеу хайуанның ісі, аузына келгенді сөйлеу наданның ісі»-деп айтқан.  Сол үшін қай жерде болмасын түзу жүріп, орнымен сөйлегеніміз дұрыс-ақ.
Ертеде бір патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да бірдей жақсы көріп, қолынан келгенше оларды ештеңеден қақпай, қалағандарын жасап, айқандарын екі етпеуге тырысады екен. Дегенмен, екі қыз өсе келе мінездері өзгере бастапты. Бір күні білімді бір адам патшаға қонаққа келіпті. Патшаның уайымға салынған түрін көріп, себебін сұрапты. Патша: «Е-е-е… сұрама, мүлде күлмейтін бір қызым бар, дертін ешкім білмейді» - дейді. «Патшам, рұқсат етсең, сарайыңызға қонақ болайын. Мүмкін қызыңыздың қайғысының себебін табармын», — дейді жолаушы. Патша қуана рұқсат етіпті.
Сол күннен бастап саяхатшы екі қызды патша рұқсатымен жасырын аңдып бастапты. Қараса екеуі түнде жатар алдын жастықтарының астынан бір дәптер шығарып, бір нәрселер жазып, таңертен жазғандарын оқып, орындарынан тұрады екен. Саяхатшы бір күні қыздар ұйықтағаннан кейін дәптерлерін алып оқыса, кіші қыз өзіне жасалған жақсылықтарды, ал үлкен қыз тек болмашы әділетсіздіктерді жазыпты.
Ертеңінде саяхатшы кіші қыздан рұқсат алып, оның дәптерін үлкен қыздың жастығының астына қояды. Таң атысымен патшаның үлкен қызы жастық астынан дәптерді алып оқыпты. Сарайдағылар екеуіне де бірдей қарағандықтан ол дәптерде жазылғандарды жатырқамапты. Өзіне жасалған жақсылықтар есіне түсісімен жүзі жадырап, қуанғаннан ән сала бастапты.
Патша үлкен қызының қуанғанын көріп, өз құлағы мен көзіне өзі сенбепті. Бірден саяхатшыны шақырып, бұны қалай жүзеге асырғанын сұрапты. Саяхатшы: «Патшам, өмір айна сияқты. Оның жақсы жақтарын ойласақ, бізге әдемі көрінер. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің жаман жақтарын ойлағаны үшін бақытсыз болған», — деп жауап береді. Патша үлкен қызын шақырып, оған енді дәптеріне тек жақсы сөздер ғана жазуға кеңес беріпті. Сол күннен бастап, патшаның екі қызы да бақытты өмір сүріпті.
Міне, осы бір әңгіме арқылы жақсы сөз – біздің ойларымыздан басталанын аңғаруға болады. Иә, ата-бабаларымыз «Кісіні аузындағы сөзінен таны»-деп бекер айтпаған. Қажет уақытта дұрыс сөйлеу мәдениеті, адамның ойлау қабілетінен және оның бейтаныс әлемінен хабар береді. Яғни, сол адамның ішкі жан дүниесін көзге көрсететін айна секілді. Әрбір адам өз алдына жеке тұлға және олардың әрқайсысының сөйлеу мәнері де түрліше болады. Мәселен, кедей адамға ақша туралы, жетім балаға ата-анасы туралы сөз айтылмауы керек. Себебі адамның жүрегін жібітетін де, тату адамдарды араздастыратын да – сөз. Аузымыздан шығатын әрбір сөзге абай болайық!

А. НҰРЛАНОВА
22 қаңтар 2022 ж. 1 132 0