Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Омикронның қаупі қандай?

Омикронның қаупі қандай?

Ел ішінде асқан жауапкершілікті сезінуді талап ететін мәселелер көп. Солардың бірі және ең маңыздысы – эпидахуалды тұрақты ұстау. Расында әлем елдерін түгелдей дерлік жайлаған пандемиядан төнер қауіптің беті қайтар емес. Соңғы уақытта тіпті өршіп кеткені жайлы телеарналар мен басылым беттері дабыл қағып, тынымсыз жазып жатыр. Соның ішінде ДДСҰ "омикрон" деп атау берген жаңа штамның таралуы өте жоғары.
Бұл штамның қауіптілігі жайлы айта кетейік. Омикрон жайлы алғашқылардың бірі болып жариялаған Daily Mail газеті өткен жылдың 24 қарашасының өзінде Ботсвана, ОАР мен Гонконгте коронавирустың жаңа штамы табылғанын, ол бұрынғылардан, тіпті, "дельтадан" да қауіпті екенін хабарлаған. Иә, дельтадан 70 есе жылдам тарау қаупі бар аурудан зардап шеккендердің қатарында әлемнің бірқатар елдері бар. Тіпті алғаш болып Ресей, АҚШ, Германия, Израиль, Ұлыбритания, Сингапур, Бахрейн, Нидерланд, Италия, Марокко, Франция, Чехия, Аустрия, Малайзия, Сауд Арабиясы, Швейцария, Түркия, Канада, АҚШ, БАӘ, Аргентина, Египет, Аустралия, Венгрия, Оңтүстік Корея, Жапония, Грекия, Румыния, Грузия, Кувейт және Иран елдері Африканың оңтүстік аумағынан басталған омикроннан қорғану үшін ОАР-мен әуе қатынасын шектегендігі де жазылған.
Коронавирустың "омикрон" деген жаңа штамын жұқтырған науқастар туралы алғаш болып хабарлаған Оңтүстік Африка Республикасының дәрігері Анжелик Күтзее жаңа штамм белгілері бастапқы кезеңде коронавирустың әдеттегі белгілерінен өзгеше және жеңіл болып көрінетінін атап өтті. Дәрігердің айтуынша, патоген қайтадан мутацияға ұшырады деген күдік COVID-19-дың ерекше белгілері бар науқастардың ауруханаға жиі түсуіне байланысты пайда болған. Сонымен, науқастардың арасында қатты шаршау сезіміне шағымданған жастар, сондай-ақ жүрек соғу жылдамдығы мен жоғары температурасы бар алты жасар балада жаңа симптомдар байқалған. Алайда пациенттердің ешқайсысында дәм мен иіс жоғалмапты. Оның сөзінше, он шақты адамнан коронавирустың жаңа штамы тест арқылы анықталған. Бұл негізінен қатты шаршауға шағымданған сау ер адамдар. Олардың жартысына жуығы вакцина салдырмаған. Дәрігер вакцина салдырмаған азаматтарда, сондай-ақ қарттар мен созылмалы аурулары бар адамдарда ауруды өткеру ауыр болатынын айтып ескертті.
Бұл жазба жаһан ғалымдарын селт еткізді. Нәтижесінде ұлыбританиялық вирусологтар жаңа штамм көптеген мутацияға ұшырауына байланысты адамға өте қауіпті. Лондондық Импер колледжінің өкілі Том Пикоктың айтуынша, басында B.1.1.529 деп аталған штамм "қорқынышты" 32 мутацияны біріктірген, соның комбинациясынан кейін бұл штамм адамға көбірек тарайды. Бұл нұсқа антиденеден "айналып өте" алады дейді. Мұнан бөлек Бүкіләлемдік медицина қауымдастығының (WMA) төрағасы Франк Ульрих Монтгомеридің айтуынша, жаңа штамм адамзатқа өте қауіпті. "Бұл штамм "дельта" секілді жұқпалы, Эбола секілді қауіпті болады деп алаңдаймын" деп пікірін білдірген. Тағы бір алаңдайтын жағдай, бұл жастар арасында өте көп тарап келеді. 20-30 жас аралығындағы жастар орташа ауыр жағдайда ауруханаға түсу дерегі әлем елдерінде өте көп тіркелген.
Енді мына бір дерекке назар салайық. Sputnik.kz ақпараттық порталында жарияланған биология ғылымдарының докторы, ММУ вирусология кафедрасының профессоры Алексей Аграновскийдің:
– Коронавирустың омикрон-штамы жаңадан пайда болған вирус. Оған қатысты ешбір статистика да жоқ. Біздіңше, омикрон-штамм да коронавирустың басқа штамдары сияқты симптомсыз өтуі мүмкін. Ең бірінші уханьдік штамм солай болған. Ол жағынан кейінгі штамдар да бір-біріне ұқсайды, кейбір адамдардың ағзасында вирустық инфекция болса да, белгілері көрінбейді. "Симптомсыз "омикрон" штамның бір жаман жері адам ауырып жүргенін білмей жүре береді. Сөйтіп, вирусты басқаларға жұқтырады. Ал басқа адамдар қатты ауырып қалу қаупі бар. Сосын симптомсыз науқастардың ішінде "вирустың супертасушылары" болады. Олар өздері ауырмайды, бірақ вирусты бірден ондаған адамға жұқтырып жүреді, – деген сұхбаты сақтық шараларын тіпті қатты ұстану қажеттігін аңғартады. Сондай-ақ вакцинациядан өту арқылы таралу қаупін тоқтатуға мүмкіндік барын да ашық айтты.
Ал аудандағы ахуал қалай? Бұл жайында аудандық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ақзия Сатекеева:
– Ауданда, облыста омикрон штамы анықталмады. Бірақ коронавирус жұқтырушылар тіркеліп жатыр.Өткен тәулікте, яғни 20 қаңтарда 9 науқас тіркелген. Олардың барлығы ересек адамдар және симптомсыз. Үй карантинінде оқшауланды. Айта кетейік, алтауы коронавирусқа қарсы егілген. Жақын байланыстағы 37 адамның 27-сі екпе алғандықтан, медициналық бақылауға алынды. Ал 20 адам үй карантиніне оқшауланды, – дейді. 
Түйін: Иә, науқастың асқынған шағында барынша сақтық шараларын ұстанып, ауырмайдың жолын іздеген абзал. Оның бірден-бір жолы вакцина алу екенін де естен шығармаған маңызды. Өзіміздің және жақындарымыздың саулығы өз қолымызда.
 
О. ЖОЛДАСОВ
22 қаңтар 2022 ж. 443 0