Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің ертеңі еңселі болады

Елдің ертеңі еңселі болады

Тәуелсіз Қазақстанның дамуы қай уақытта да ел азаматтарының басты ұстанымы мен бағыты болуы қажет. Тіпті ол сын сағатында да басты міндетімізге айналу – міндет. Жыл басында елімізде болған қасіретті жағдай ел мүддесі үшін бірігудің қаншалықты маңыздылығын тағы бір айқындап берді.
Иә, ел егемендігіне қауіп төндірген кешегі оқиға шұғыл әрекет етуді де қажет етті. Билік тарапынан жасалған сол шаралардың нәтижесінде бүгінде елдің тыныштығы қалыпқа келіп, бірліктің жеңетінін уақыт тағы бір дәлелдеді. Ендігі мақсат елдің дамуын жеделдету, жаңа Қазақстанды құру екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кетті. Және ол жолда атқаруға тиісті көптеген мәселелерге тоқталып, ер ертеңінің еңселу болуы жолында тапсырмалар берді.
«Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі атты баяндамасында көтерген мәселелердің қатарында қай кездегідей білім саласындағы міндеттерді де нақты атап өтті.
"Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі» – деген Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерді ашып айтты.
Расында мұғалімнің қоғамдағы маңыздылығы, оның рөлі тек балалар үшін ғана емес, ел ертеңі үшін де үлкен жауапкершілікке ие екенін сезіне білуіміз керек. Баланың аппақ парақтай таза санасына білім кестесін берік тоқи білсек, онда бақыт тапқанымыз. Тек білім ғана емес, терең тәрбие беру де ұстаздардың міндетінде. Санасына Отансүйгіштікті сіңіріп, елдікті бағалауды да үйрете білуіміз керек. Өйткені "балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме?! Балғын санаға сіңірілген елге деген сүйіспеншілік есейген сайын жемісін береді. Жақында ғана көзіміз көрген қасіретті жағдай да орын алмаған болар еді.
Иә, білім мен тәрбие егіз деген ұғым ертеден келе жатқан түсінік. Бірақ уақыт талабы мұғалімдер қауымына жаңа міндеттерді жүктеп отыр. Ол баланың бейіміне қарай бағдар ұсыну. Мұны ел Президенті де баса айтты.
"Жоғары білімнің қолжетімділігі де – көкейкесті мəселе. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО-ның бəсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр" – дей келе "Жалпы, бəрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен əуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркəсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет" деп нақтылап айтты. Расында жоғары білім алуға бағыттауды да мектептен бастаған абзал. Мұғалімдер қауымы оны жақсы түсінеді. Және Президенттің берген бағытында барынша жұмыс жасауды мақсат етеді.
Ұстаз – ұлттың ұстасы, болашақтың бағбаны. Жауапкершілік жүгі артылған тұста таудай салмақты да арқалап өте алатынын бүгінгі жетістіктеріміз көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да мұғалімдердің мәртебесі өз биігінен түспей, тәуелсіз Қазақстанның дамуына ықпал ете бермек.
Қараман САДЫҚОВ,
№2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының менеджері, информатика пәнінің мұғалімі
29 қаңтар 2022 ж. 563 0