Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар үшін тиімді бағдарлама

Жастар үшін тиімді бағдарлама

Жастардың жұмыссыздығы қоғам дамуын тежейтін негізгі факторға жатады. Елдің ертеңі саналатын буынның екі қолға бір күрек таппай бос жүруі кім-кімді болса да ойлантуы керек. Жасыратыны жоқ, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Дегенмен түпкі мақсаты тиімділіктен бұрын индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуді, бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеруді ғана көздейтін мұндай бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпей тұр.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткізген жиында: "Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсысы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек" деп атап өтті.
Әлгінде айтылған көп бағдар­ламаның бірі «Жастар практикасы» деп аталады. Қолына дипломын жа­ңадан алған жас маман жұ­мыс­сыз жүрсе, дәл осы бағдарла­маның игілігін көре алады. Әсі­ресе уни­верситетті күні кеше тәмамда­ған­дардың жұмысқа орналасуы қиындық тудыруы әбден мүмкін. Себебі қазір көп мекемелерде жұмысқа тұру үшін еңбек өтілі маңызды. Осындай кезде тауы шағылмау үшін жастар практикасы тап­тыр­мас мүмкіндік. Расында мамандығының қыр-сырымен жақынырақ таны­сып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапша­сына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қа­рым-қабілетін көрсе­туге де мүмкіндік табады.
Иә, расында солай. Бүгінде бұл бағдарламаның тиімділігін көріп жүрген жастардың бірімін. Атауы айтып тұрғандай, жастар практикасы тәжірибеге басымдық береді. Өйткені теориялық білімнің тәжірибеден айырмашылығы бары жасырын емес. Қанша жерден теориялық жағынан мықты болғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыру қолынан келе ме, жоқ па, белгісіз болады. Мұнан бөлек адам ұжыммен де жұмыс жасауға дағдылану керек. Аға буыннан, сол мамандықтың майталмандарынан да үйренері көп. Тағы бір айта кетерлігі, тәжірибе жинап жүріп, жалақы алуға да жол ашылады. Жастардың қызметтік жетілуіне жасалған бағдарламаның тиімділігі өте жоғары.
Жақында Президенттің тап­сырмасы бойынша «Жас­тар практикасы» бағдарла­масына қатысу мерзімі мен сол аралықта төленетін еңбекақы мөлшерін ұлғайтудың тетіктерін қарастыру жолы қолға алынып жатыр. Соған сай, алдағы уақытта бағдарлама қаты­сушылары алғашқы жұмыс орнында 1 жыл еңбек етіп, тәжі­рибесін толықтырмақ. Сондай-ақ төленетін еңбекақы мөлшері де 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаятыны айтылды. Бұл сөз жоқ, «Жастар практикасы» бағдарламасының тартымдылығын арттырады.
Ержан Бақытбек,
жас маман
15 ақпан 2022 ж. 524 0