Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүркітші қыз білімін Қазақстанда жетілдірмекші

Бүркітші қыз білімін Қазақстанда жетілдірмекші

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев моңғолиялық бүркітші қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті. Жиында Айшолпанның білімін Қазақстанда жетілдіру мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Министрмен өткен жиында "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Айшолпанға білім беру мәселесіне қатысты жаңалығымен бөлісті.
«Біз Айшолпанды елордадағы Кембридж бағдарламасымен оқытатын "Spectrum" халықаралық мектебінде екі жыл академиялық деңгейі жағынан және тілдік жағынан дайындамақпыз. Біздің мақсатымыз - өзі шақырту алған Оксфорд жəне Гарвард университеттеріне дайындап, сол жаққа оқуға түсіру. Биыл қыркүйектен бастап Айшолпанды екі жыл бойы жан - жақты дайындаймыз. Соған біз "Білім-Инновация" қоры атынан 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөліп отырмыз. Айшолпан 12-ші сыныпқа көшуі тиіс, соны ол бізде оқиды. Негізі бір жыл жетеді. Бірақ, қандасымыз өзі екі жыл дайындалғым келеді деген соң біз келістік. Айшолпанның бэкграунды өте мықты, ол қалаған университетіне түсе алады. Тек қана тілдік деңгейі мен академиялық қабілетін арттыру керек. Бұған ата - анасы келісіп отыр. Оны жатақханамен қамтамасыз етеміз», - деді Дархан Өте.
Министр Ерлан Сағадиев бұл ұсынысты қолдап, өзінің де Гарвард университетінде оқығанын айтты. Сағадиев Гарвард сияқты шетелдік білім ордасына жақсы дайындық керек екенін жеткізді.
«Гарвард университетінде оқу бір жағынан қиын. Мен өзім сонда оқығанмын. Бірақ, олар саған бірнеше бағыт береді. Солардың арасынан келешек мамандығыңды таңдауға болады. Мамандық жағын жақсылап ойластыру керек», - деп министр Айшолпанға кеңес берді.
Сондай-ақ, Сағадиев Айшолпанға Қазақстанның да кез - келген оқу орнына түсуге көмектесетінін айтты.
Атап өтсек, бұл 17 жастағы бүркітші қыздың Қазақстанға алғашқы сапары.
«Дәл қазір өзім ағылшынымды жетілдіргім келеді. Негізі, мамандықты әлі таңдай қойған жоқпын. Ойланып жүрмін. Әрине, Қазақстанда оқып, білімімді әрі қарай тереңдетсем деймін. Көптеген елді араласам да, Қазақстанға келу менің арманым болды. Менің арманым орындалды. Бәрі ұнап жатыр. ­Өте қуаныштымын», - деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның "Daily Mail" басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл "Бүркітші қыз" (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді.
baq.kz
25 қыркүйек 2018 ж. 948 0