Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға ойыншық таңдай білеміз бе?

Балаға ойыншық таңдай білеміз бе?

Ойыншық – арнайы балалар ойынына әзірленген зат. Әрбір бүлдіршін үшін ес білгелі ойыншық ойнау жасына сай әдеттердің бірі. Ойыншық ойнау баланың ақыл-ойын дамытып, ондағы бейнелеген заттар арқылы айналаға деген ықыласын кеңейтіп, жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге көмектеседі. Иә, әр отбасындағы бүлдіршін үшін ойыншық маңызды рөл атқарады. Бақытты бүлдіршінге қызықты мультфильм кейіпкерлерінің бейнесіндегі ойыншық немесе басқа да түрлі-түстегі ойыншықтар қызықты болып көрінеді.
Барлығымызға белгілі, бүлдіршіннің ең алғашқы ойыншығы – сылдырмақ. Ежелгі Греция және Римде сылдырмақты  дүние есігін жаңа ашқан нәрестеге сыйлаған. Сондай-ақ біздің алғашқы ойыншықтар заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда пайда болған. Ертедегі ойыншықтарды ағаш, саз және сүйек, тіпті металдардан жасаған. Археологтардың қазба жұмысы барысында көне қорымдардан адамдармен қоса әр түрлі ойыншықтардың да жерленгені анықталған. Ежелгі грек балаларының сүйікті ойыншықтары, сонымен бірге ат бейнесі ағаштан, саз балшықтан жасалған. Ең алғаш рет адам бейнесіне ұқсас қуыршақтарды біздің заманымызға дейінгі 4-5 ғасырлар шамасында ежелгі гректер саз балшықтарды күйдіру арқылы дайындаған. Ерте кезеңдегі грек қыздары тұрмысқа шыққанға дейін қуыршақ ойнап, тұрмысқа шығу салтанатында Гера, Афродита және Артемида құдайларына қуыршақтарын сыйға тартатын болған.
Түрлі ойыншықтар бала үшін тек ермек ғана емес, ол баланың дамуына да тиімді зат. Яғни ол баланың қимыл-қозғалысы, тіл түсінуді және сезім ағзаларын жетілдірудің алғашқы баспалдағы десек қате болмас. Сонымен бірге қай затты болмасын қолмен ұстап, көзбен көру арқылы оның логикалық ойлау жүйесіне де әсерін тигізеді. Бүлдіршін қолына алған затын ұстап қарайды, лақтырады және оны аузына салып, тістеуге тырысады. Міне, осы бір қимыл-қозғалыс кезінде құлақ, көз, иіс сезу жүйесі мен қозғалыс іске қосылады. Әрине бұл әрекеттер баланың дамуына біршама пайдасын тигізері анық.
Иә, барлық нәрсенің тек пайда жағы бола бермейді. Бір өкініштісі, қазіргі ойыншықтардың түр-әлпетінің қорқыныштылығы. Яғни, қай бала болмасын ойыншық арқылы ой қалыптастырып, есейеді. Сондықтан да үйдегі бүлдіршіндерге ойыншық аларда қателікке бой алдырмағанымыз дұрыс. Сонымен қатар алғалы тұрған ойыншығымыздың сапасы мен қай жерде өндірілгенін басты назарда ұстағанымыз абзал. Айта кетейік, Қытайдан әкелінетін ойыншықтың екі түрі бар екен. Оның бірі – арнайы зауытта өндіріліп, елімізге ресми түрде әкелінеді. Сондай-ақ тексеруден өтіп, сапасы жайында сертификаты болады. Ал екіншісі – заңсыз әкелінетін ойыншық түрлері. Олардың арнайы тексерістен өткізілген сертификаты болмағаннан соң, алудан да аулақ болғанымыз жөн. Әдетте мұндай ойыншық түрлері қанық түске боялып, «менімен ойнашы» деп тұрады. Яғни, бұл өнімдердің сапасы былай тұрсын, бала денсаулығына да біршама зиянын тигізеді. Атап көрсеткен ойыншық түрінің құрамында фенол, қорғасын, мырыш, формальдегид элементтерін кездестіреміз. Бала денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізетін арзан ойыншықтар, бүлдіршіннің көз бен тыныс алу мүшесімен қатар жүйке жүйесіне де зияны тиеді. Сол үшін ойыншық сатып алар алдында оның сапасына аса мән беріп, сертификатталғанын тексеру қажет. Бұл жөнінде елімізде балалар ойындары мен ойыншықтары сапасы мен қауіпсіздігі Кедендік одақ комиссиясы бекіткен «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті бойынша қадағаланады. Сонымен бірге мемлекетімізде ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы заң да бар. Бұл заңда бала қолданатын ойыншықтар мен денсаулығының қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауда қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.
Қазіргі күннің өзінде жан-жағын енді танып келе жатқан баланың психикалық жүйке жүйесін бұзатын түрлі ойыншықтарды көріп жүрміз. Мәселен, қолына суық қару ұстаған құбыжықтар мен жезтырнақ, шаштары түрлі-түске бояулы ойыншықтар. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» құжаттың 8-бабында: «Ойыншықтар баланы агрессиялық іс-әрекеттерге, қатыгездік танытуға, өнегесіз іс-әрекеттер мен зорлық-зомбылыққа, баланың жас ерекшелігі құзыретінің аясынан шығатын басқа да проблемаларға, балалар мен ересектердің нәсілдік ерекшеліктеріне және денесінің кемшіліктеріне менсінбей және теріс қарауға итермелемеуге тиіс» деген.
Айта берсек, қозғайтын мәселе де таусылар емес. Соның бірі – өзіміздің отандық ойыншықтарды да шығаруды қолға алсақ артық болмас еді. Әрине көпке топырақ шашып “мүлде жоқ” деп айта алмаймыз. Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» ойыншықтарынан басқа атауларды құлақ естімейді. Өзіміздің «Алдар көсе» сынды отандық өнімдеріміздің бағасын айтуға да келмейді. Оны сатып алу қарапайым отбасы үшін аз ақша емес екені белгілі. Бірақ бала айналасын тани бастаған уақытында өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз толы, отандық ойыншықтармен ойнағаны дұрас-ақ. Тіпті бүгінгі бүлдіршіндеріміз ертедегі жыр-дастан кейіпкерлері мен ертегі-аңыздардағы кейіпкерлерді танымайтындығы көңіліңді қалдырады. Себебі олардың түпкі санасын шет елдің мультфильміндегі кейіпкер бейнесіне толы ойыншықтар жаулап алғандай. Сол үшін отандық ойыншық өндіру саласын кәсіп ретінде ғана емес, ұлттық идеология ретінде қарағанымыз жөн.
Көріп отырғанымыздай, ойыншықпен ойнаудың бала үшін пайдасы зор. Бүлдіршін ойыншықпен ойнау арқылы қоршаған орта мен өмірді танып бастайды. Бала дамуына сапалы, әрі ақыл-есінің толықтай жетілуіне пайдасы бар ойыншықтарды таңдай білейік. Өзіміздің асыл қасиеттерімізді бала бойына сіңіртіп, оның болашағына назар аударайық. Себебі ертеңгі болашағымыз – бүгінгі бүлдіршін қолында.
Айсәуле НҰРЛАНОВА
15 наурыз 2022 ж. 1 118 0