Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: Балаларды профилактикалық тексеруге 40 млрд теңге бөлінді

МӘМС: Балаларды профилактикалық тексеруге 40 млрд теңге бөлінді

2022 жылды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Сүйікті бала» арнайы жобасының аясында балаларға медициналық көмекті қаржыландыру туралы ақпарат беруді жалғастыруда. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ӘМСҚ филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов айтты.
Аурулардың алдын алу үшін
Қазіргі медицинада аурудың алдын-алу маңызды болып табылады. Біздің елімізде балалардың денсаулығына ерекше назар бөлінеді және дені сау ұлт қалыптастыруға қажетті іс-шаралар жүзеге асырылады. Соның ішінде, біріншіден, отбасын жоспарлау бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Екіншіден, жүкті әйелдердің пренатальды скринингі 3 рет жүргізіледі, бұл ұрықтың патологиясы мен кемшіліктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Бұдан басқа, педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес балалардың аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлім-жітімінің алдын алу, төмендету бойынша шаралар көзделген.
Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, ағымдағы жылы ҚР-да МӘМС жүйесінде скринингтер мен профилактикалық тексерулерді жүргізуге 39,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде аудиологиялық скринингке – 5,1 млрд теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – шамамен 11,7 млрд теңге, мектеп медицинасы шеңберінде профилактикалық тексеруге – 22,9 млрд-тан астам теңге.
Қорда балалар жеңілдікті санаттардың біріне кіретінін, сондықтан олар үшін 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейтінін еске салды. Осылайша, барлық балалар автоматты түрде сақтандырылған және МӘМС жүйесінде қажетті медициналық көмекке құқылы.
Балаларға қандай тексерулер жүргізіледі?
Жаңа туған нәрестелерге, ерте жастағы және 6 жасқа дейінгі балаларға аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік беретін жаппай стандартталған тексеру. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – бала өмірінің алғашқы үш күнінде тікелей перзентханада. Екіншісі – өз емханасындағы баланы дамыту кабинеттеріндегі белгілі бір жастағы балаларға жүргізіледі. Бұл жағдайда учаскелік медбике ата-аналармен байланысып, белгіленген мерзімде скринингтен өтуге шақырады.
Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді.
Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының он сегіз жасқа толмаған оқушылары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтеді. Оны білім беру ұйымына бару арқылы емхана мамандары жүргізеді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, онда ол бекітілген емханасында алдын ала тексеруден өтеді.
Профилактикалық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды.
Дәрігерге дейінгі кезеңде дененің өсуі мен салмағын анықтау, бас пен кеуде қуысының көлемін өлшеу (3 жасқа дейін), физикалық және психоәлеуметтік дамуды бағалау, қан қысымын өлшеу (7 жастан бастап), көру және есту өткірлігін анықтау, ЭКГ өткізу және т. б.
Екінші кезеңде теріні және бас терісін, шырышты қабықтарды тексеру, қалқанша без аймағын тексеру және пальпациялау, кеуде, омыртқа, аяқ-қолдарды тексеру, тыныс алу, ас қорыту және т. б. тексеру жүргізіледі. Патологиялық өзгерістер анықталған кезде баланы бейінді маманға қосымша тексеруге жібереді.
Мамандандырылған кезеңді бейінді мамандықтардың дәрігерлері жүргізеді.
Егер сізде медициналық көмектің сапасы мен уақтылы көрсетілуі бойынша сұрақтар туындаса, сіз емхананың Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне немесе өзіңізге ыңғайлы келесі байланыс арналары бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Goldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot

kyzylorda-news.kz
24 наурыз 2022 ж. 421 0