Бүгінгі сұлулық әлемі туралы не білеміз?
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев: «Сырық мойын, біз мұрын, Шіркін, тұздай көзіңіз... Сізге кім ғашық болмасын? Мәселен, біз өзіміз...» демекші, бүгінгі күннің сән әлемінің келбетін дөп басып айтқан екен. Ол кезеңдері сұлулыққа кез келгеннің қолы жете бермейтінін білмеген болар, бәлкім. Ал Мағжандай атамыз бүгінгі біздің заманда өмір сүрер болса, тіпті ақындық ауылынан алыс жүрер ме еді?! Себебі пластикалық отаға жүгініп, беттерін тегістеп, көзін бадырайтып, ерінін ара шаққандай етіп істеп алған арулар ақынды өлең жазуға шабыттандырады дегенге сене алмаймыз.
Қазіргі қоғамымызда сұлу аруларымыз пластикалық ота жасауды қалыпты құбылысқа айналдырып алғандай. Иә, бет әжімін тегістеу, сондай-ақ қисық мұрын мен қалқан құлақты түзету және көзінің қабағын жасату сынды жақша ішіндегі (сән) үшін жасалатын амалдар сағат санап көбеюде. Қалтаңызда қомақты көлемде қаражат болса болды, сұлулықты оп-оңай сатып ала аласыз.
Әлем бойынша осы бір сән түрінен көш бастап тұрған – Корея мемлекеті. Корея мемлекетінде өнер жұлдыздарының 95 пайызы пластикалық отаға жүгінеді екен. Бірақ бүгінгі күні танымал адамдар ғана емес, қарапайым қыз-келіншектері де қызығушылық танытатынын жасырмаған. Иә, бұл дегеніміз –адамның табиғи сұлулығына қиянат ғана емес, өз денсаулығына да айтарлықтай пайдасын тигізбесі анық.
Сонымен бірге пластикалық ота екіге бөлінеді екен. Оның бірі – еріксіз ота. Яғни, адам ағзаларындағы барлық кемістікті емдеу үшін жасалатын ота түрі болып табылады. Мәселен, саусақтың жабысуы, адамның табиғи жаратылысымен үйлеспейтін және психологиялық тұрғыдан кері әсер ететін ағзадағы кемшіліктер секілді туа бітті немесе күйіп қалу, жол апатынан болған жағдайдарда туындаған кемшіліктер жатады. Осылайша, емдік мақсатта жасалатын бұл ота түріне рұқсат етілген екен. Бұл туралы асыл дінімізде Усма ибн Шәриктен жеткен риуаятта ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін араб келіп: «Уа, Алланың елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?»–деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында, Алла әрбір дертті шипасымен қоса түсірді немесе тек бір ғана дерттен басқасының емін жаратты»,– деп жауап берді. Сонда олар: «Ол қай дерт?» дегенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кәрілік», –деді».
Пластикалық отаның екінші түрі – ерікті түрде жасалатын ота. Яғни, косметикалық хирургия. Әрине бұл адамның өз қалауымен әдемі көрінуі үшін жасалады. Бұл ота түрі өз түріне өзгерту және жасарту болып екіге бөлінеді. Біріншісі, мұрын пішінін өзгерту және иекті түзету, ота арқылы ішті тарту сынды түрлері жатады. Ал екінші түріне беттерін тартып, әжімін кетіріп, қабақты лазермен тарту секілді мақсатта жасалатын ота. Бұл жөнінде дінімізде былай келтірілген: «Абдулла ибн Масғұд (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын риуаят етеді: «Алла тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді».
Сонымен қатар бұл ота түрі алдамшылықты, көзбояушылықты қамтыған. Пластикалық ота жасату ерте кездегі тайпаларда да кездескен. Ол кездердегі ота тек екі мақсатта жасалатын болған. Біріншісі – тыныс жолдарын емдеу үшін, екіншісі – бет-әлпетінде жарақат іздері қалған науқастарға көмек көрсету үшін жасалған. Бұл дегеніміз – отаны тек адамзат жанына араша түсу үшін жасалған деген сөз.
Иә, қай сөзбен келтірсек те, адам баласы үшін пластикалық отаның зияны жетерлік. Ажарланамын деп ажал құшағында қалып жатқандары да жетерлік. Алайда туа біткен кемшіліктері бар немесе қандай да бір оқыс оқиға арасында қалған адамдар үшін операциядан басқа таңдау жоқ. Ал сіз бен біздің жаратылысымызға қарсы шығып, сұлулықты қолдан жасауымыз жөнсіз әрекет екені белгілі. Сол үшін сән қуамын деп, өз денсаулығымызды құртудың қажеті жоқ секілді.
А. НҰРЛАНОВА