Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жасанды сұлулық жарға жықпасын

Жасанды сұлулық жарға жықпасын

«Сырық мойын, біз мұрын, Шіркін, тұздай көзіңіз... Сізге кім ғашық болмасын? Мәселен, біз өзіміз...». Мағжан ақын жырындағы бұл суреттеу қазіргі сәннің стандарттарын дөп басыпты. Ол заманда Жұмабаев өзі жырлаған сұлулыққа ине мен пышақтың көмегімен жетуге болатынын білмеген болар. Осы ғасырда дүниеге келсе, бәлкім, ақынның аруға арнаған жырының арнасы басқаша болар ма еді, кім білсін?! Өйткені пластикалық ота көмегімен бетін тегістеп, ернін дүрдиткен, көзін үлкейтіп, төсін дөңгелеткен «хас» сұлулар ақынды мөлдір өлең жазуға шабыттандырады дегенге сену қиын. Қазір қоғамда мұндай сұлулық белең алып тұр. Бүгінгі әңгіме осы төңіректе болмақ.

Қай кезде, қай елде болмасын қыз баласы сұлулықтың символына айналған. «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөздің өзі-ақ әйелдер қауымына үлкен жүк артып тұр. Табиғатынан тәні сұлу әйелдер бұл сөздің өздеріне қатысы барын біліп маңғазданады. Ал кереметтей келбеті жоқ арулар көштен қалмай қалай да сұлу болуға тырысады. Бірақ адам қолымен жасалатын сұлулық қаражатты талап ететіндігі белгілі. Бірақ қазір оған қарап жатқан әйел заты жоқ. Табиғат бермегенді ақшаға жасатып алып шыға келгенде қайран қалмау мүмкін емес.Біздің елімізде де жасанды сұлулық жасату соңғы кездері жиі көрініс алуда. Әсіресе шоу бизнес өкілдерінің бірқатары өздерінің ұнамсыз мүшесін отаның көмегімен мінсіз етіп жасап алғаны айдан анық білінеді. Олардың кім екенін тізбектеп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырда Мысыр, Үндістан мен Қытайда алғаш рет пластикалық ота жасалыпты. Кейін оған сұраныс та артқан. Осылайша, ел арасында отаның бұл түріне деген қызығушылық пайда болыпты.
Сұлу боламын деп ажал құшқандар
Бүгінде сұлулық индустриясының асығы алшысынан түсіп тұр. «Мәңгі жас» болып қалуға құмар жандардың кө­беюі арқасында бет әрлеушілер, космето­лог­тар мен пластикалық хирургтардың айы оңы­нан туды. Ажарынан ақшасын аямай­тын­дар бұрын тек шетел асып кететін бол­са, бүгінде отандық дәрігерлер де плас­ти­ка­лық отаның кез келген түрін жасай алатын дәрежеге жетті. Қазақстандық арулар арасында ең көп сұранысқа ие оталардың көшін бле­фаропластика мен омырау үлкейту опе­рациялары бастап тұр. Пышаққа түсу оңай емес. Дегенмен хас сұлуға айналуды көздейтіндер одан да қорықпайды. Пластикалық хирургтар бет мүшелерін пышақпен кесіп әдемілейді. Ал тіндерді жалғап тұрған жасушаларға жа­затайым пышақ тиіп кетсе, азабы ауыр болатыны бесенеден белгілі. Сұлулық үшін құр­бандыққа баратындар дүрдиген ерін мен жасанды кірпік жапсыруға құмар. Кір­пік жалғайтын желімнің химиялық құрамы аса зиянды, ағзаның ең нәзік мүшесі сана­латын көзге тигізер қаупі тіптен орасан. Тері ішінде ісініп, жарылып кетсе, «оймақ» ері­ннің де тартқызар зардабы көп. Ең сора­қысы, құдайдың бергенін түзеймін деп жан­таласып жүріп ота үстелінде жан тап­сыратындар көбейді. Мәселен, өткен жылы Алматы облысындағы  пластикалық ота жасайтын клиникалардың бірінде  бетінің терісін тарттырып, иек липосакциясын істемек болған 59 жастағы әйел көз жұмды. Сондай-ақ 2018 жылы екі бірдей ару­дың өліміне кінәлі болған атышулы хирург Дмитрий Писаревтің есі­мін де көпшілік ұмыта қоймаған болар. Оның қолынан көз жұмған алғашқы әйел – Дана Агамырданова оған артық майын алдырту үшін Украинадан арнайы келіп, ажал құш­қан болатын. Сот хирургты тек екі жылдан соң кінәлі деп тапты. Десе де, істің ескіруіне байланысты артынша сот залынан босатып қоя берді. Темір тордан оңай құтылған хирург 2018 жылдың қазан айында тағы бір қыздың өліміне себепкер болды. «Эйр Астананың» 6 тілде сөйлейтін ең белді борт­қыз­меткерінің бірі – Лаура Ізбасарова оташы­ның алдына төсін тартқызу үшін келген. Сұлу бойжеткен пластикалық отадан кейін оянған жоқ. Бұл біздің елімізде болған бақытсыз жағдайлар. Бұдан бөлек жұқа ерінін ісіріп, қысық көзін үлкейтіп қабақ жасатып, пұшық мұрнын қыр мұрынға айналдырып сұлу боламын деп сұрықсыз болып кеткен арулар қоғамда мыңдап кездеседі.
Нәтижеге кім жауапты?
Алматы қаласындағы жекелеген медициналық клиникада пластикалық хируг болып жұмыс жасайтын Данияр Байболсынов өзінің бір күнде 10 ота жасауға дейін мүмкіндігі бар екендігін айтады.
– Әрбір отаның үлкен тәуекел екенін түсінген жөн. Пациент тәуекелге дене бітімін тіксе, дәрігер өз абыройын тігеді. Менің жұмысымды 5-6 жылдан бері әлеуметтік желі арқылы бақылап келе жатқан пациенттерім бар. Мен істеген ота нәтижелерін көріп, пікірлерді оқыған соң ғана алдыма келеді. Негізі күніне 8-10 ота жасауға шамам келеді. Бірақ бұл жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін. Адам деген темір емес, шаршайды. Сондықтан мен күніне тек 3 отадан ғана жасаймын. Саны аз болса да, сапасы жоғары, пациенттерім де риза. Әр отаның алдында пациенттер арнайы келісімшартқа қол қояды. Егер ота нәтижесі пациенттің көңілінен шықпаса, біз кеткен олқылықты жөндейміз. Әркімнің ағзасы әртүрлі, сондықтан бар жауапкершілікті өз мойнымызға ала алмаймыз. Айталық, блефаропластикадан соң бірден кітап оқуға болмайды. Бізде мынадай оқиға болған еді, отадан соң екінші күні пациент кітап оқып жатқанда, кітап бетіне түсіп кетіп, тігісі тарқап кеткен. Осындай қауіп-қатерден аулақ болу үшін дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау керек.
Жасанды сұлулық үшін қанша қаржы кетеді?
Пластикалық ота үстелінде қаза тап­қандар жайлы деректің көбеюі сұлу­лық­тың құпиясын пышақтан іздейтін­дерге тежеу болып жатқаны шамалы. Дене пішімін, түр-әлпетін өздері қалағандай өзгертуге асық­қан арулар мінсіз сұлулық үшін жанын беруге даяр. Өмірін қиюға дайын болса, ақшасын да аямайтыны түсінікті. Пластикалық хирургия және косметология клиникалардың әлеуметтік желідегі парақшаларын қарай отырып, пластикалық отаның ең арзаны ерінге жасалаты­нын білдік. Оның бағасы     35 мың теңгеден бас­талады екен. Ал отандық қыз-келіншек­тер арасында ең танымал пластикалық ота – блефаропластиканың (қабақты қалыңдату) құны 80 мың тең­геден басталып, отаның күрделілігіне бай­ланысты 350 мыңға дейін жетеді. Қазақстандық сылқымдар құп көретін тағы бір ота – липосакция (артық майдан арылу) құны –100-350 мың теңге. Бетті жасарту ота­­­ларының бағасы 500 мыңнан басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Құлақ қалқанының кем-кетігін түзету (отоп­лас­тика) құны 150 мың теңгеден басталады. Ал ринопластика (мұрынды қалыпқа келтіру) жасату құны 150 мыңнан басталып, 1 миллионға жетіп жығылады.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, кореялық танымал жұлдыздардың 95 пайызы сыртқы сұлулықты қолдан жасап алған. Тіпті бұл елде пластикалық ота өте қолжетімді бағада көрінеді. Зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша пластикалық ота жасаудан АҚШ, Бразилия, Жапония, Италия, Мексика елдері көш бастап тұр. Бұл туралы халықаралық эстетикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) мүшелері мәлім етті. Аталмыш қоғам өкілдерінің айтуынша, АҚШ тұрғындарының дені денедегі артық майлардан арылу үшін ота жасатса, бразиялықтар бет-әлпетін өзгертуге көбірек көңіл бөледі екен. Ал еуропалықтар болса, пластикалық отадан мүлдем бас тартқан. Бүгінде батыс халқы контурлық ота жасауға бет бұрды. Бұл – арнайы сұйықтықтың көмегімен жүзеге асырылатын процедура. Әзірге жаппай отаның осы түрін жасатып жүрген батыстықтар оның зиянын анықтай қойған жоқ.
Түйін. Қалай дегенмен де, пластикалық отаның зардабы ауыр. Мұны дәрігерлер мойындап отыр. Оған дәлелді біз жоғарыда келтіріп өттік. "Сұлулық құрбандықты талап етеді" деген сөз тап осындай жасанды сұлулық төңірегінде айтылмаса керек-ті.  Әрине, жазатайым оқиғаға душар болып, сұрықсыз болып қалған жандар үшін мұндай пластикалық отаның қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал дені сау жанның қолдан сұлулықты жасап алуы қаншалықты дұрыс? Ойланып көріңізші…

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
05 қазан 2021 ж. 886 0