Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Самалдың сұлулық салоны

Самалдың сұлулық салоны

Егер жас болсаңыз, кешкілік басқосулар мен тойларға барар алдында айнаға бір қарайтыныңыз анық қой. Әсіресе қыздар қауымы. Тіпті сағаттап сәнденіп, тотыдай таранып отыратын сұлу бикештер үшін сұлулық салондары таңсық дүние емес. Оған сенімдімін. Ауданымызда ондай салондар көп емес. Бүгінде солардың қатарына қосылған «Самал» сұлулық салоны да ашылғанына көп болмағанмен, тұтынушылар талабынан шығып келеді. Самал, Мәншүк, Гүлмира және Жандос есімді қыз-жігіттердің өзара бірлесуі арқасында ашылған бұл салонда шаш қиюдан тырнақ сәндеуге дейінгі жұмыстардың барлығы қамтылған.
Халқымызда «Жас келсе – іске» деген қағида бар. Бұл сөздің астарын өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Бұған дейін әртүрлі салонда еңбек етіп, жылдап тәжірибе жинақтаған жас мамандардың өзара бірігуінің арқасында біз әңгімемізге арқау еткен сұлулық салоны ашылған. Енді сол бірлестік мүшесінің әрбіріне тоқтала кетсек.
Самал Жұмағазиева үш жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда сұлулық салонының аты осы Самалдың есімімен аталады. Бүгінде оның қызметі қас жұлу, шаш қию, бет әрлеу сынды жұмыстар. Өзі Ақтөбе қаласындағы «Эпит» салонында оқи жүріп, тәжірибе жинақтаған. Бүгінде өз ісінің маманы деуге болады. Келген әрбір тұтынушыға ерекше ықыласпен қарап, тез тіл табысып кетеді. Бәлкім, өзінің осындай болмысымен басқалардан дараланатын шығар.
– Біздің бұл салонды ашудағы мақсатымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету. Қазір өзіңіз білесіз қызметтің бұл түріне сұраныс ерекше. Қоғамда бәсекелестік орта қалыптасқандықтан, сапалы қызметтің бәсі басқалардан жоғары болу шарт. Сондықтан біз сол талаптан шығуға тырысып келеміз. Әзірге бізге деген тұтынушылардың пікірі жақсы. Соған қарағанда сапалы қызметті ұсынып келе жатырмыз деген ойдамыз. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта бұл жұмысымызды бірлесіп кеңейте түсеміз деген ойдамыз, – дейді заңды түрдегі кәсіп иесі Самал Жұмағазиева.
Мәншүк Бердіңқұлқызының бұл салада еңбек еткеніне үш жыл. Ол да Ақтөбе қаласындағы «Марофен» оқу орталығында осы салон жұмыстары бойынша дәріс алған. Бүгінде аталған салонда бет әрлеу, шаш қию, қас жұлу сынды жұмыстармен айналысады. Ол да тынымсыз жандар қатарынан. Жұмыста санасу деген түсінікті саналарынан сылып тастаған. Кімнің қолы бос, сол өздеріне тиесілі жұмыстарын мүлтіксіз атқара береді. Қазіргі таңда Мәншүк те өз ісінің маманы. Содан шығар, оны әдейілеп іздеп келушілер де, арнайы шақыртумен үйіне алдыратын тұтынушылары да жоқ емес.
 Біз жұмыс барысымен аталған салонға кіргенімізде, әлдебір келушінің қолының тырнағын әрлеп жатқан қызметкерді бірден көзіміз шалды. Ішке еніп, салон жөнінде мәлімет сұрай бастағанымызда, жанымыздан тырнақ әрлеуші қызметкер де табылды. Ол өз қызметін әп-сәтте тиянақты орындағанға ұқсайды. Есімі – Гүлмира Бисенова. Бұл іштегі бесаспап мамандардың бірі. Тырнақ әрлеу, шаш қию сынды жұмыстарды мінсіз жасайды. Арнайы білімі де бар. Осы салада қызмет жасап келе жатқанына екі-ақ жыл болса да, көптің алғысын алған. Астана қаласындағы «Алтын әлем» оқу орталығында арнайы білім алып, өзін әр қырынан көрсетіп келеді. Бүгінде үлескер қатарында еңбек етіп, аталған салонның игілігі жолында тер төгуде.
Сұлулық салонында тынбай еңбек ететіндердің бірі – Жандос Бимағанбетов. Ұлдардың да, қыздардың шашын қиып, әрлеуде кәнігі маманға айналған Жандос осы салада 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кімге қандай шаш үлгісі жараса кететінін айтпай-ақ ұғына білетін ол сөздің емес, істің адамы екенін өзінің тынымсыз жұмысымен-ақ байқатты.
Тынымсыз еңбек табысқа бөлейтінін әлдеқашан ұғынған мұндағы әріптестер әзірге бұл жолда жемісті жұмыс жасауда. Үнемі көңілді жүретін олар жауапкершілігі мол кәсіпкерлік салада сынала жүріп шыңдалуға бейімделуде. Әрине халықпен жұмыс жасау оңай емес қой. Сонда да әр істің қиюын тауып, жұмысын жандандыруда алда келе жатқан әріптестердің алға қойған мақсаттары айқын. Ол – көкжиегі кеңейген кәсіпкерлік саласында өзіндік орнын айшықтап, сән әлеміне лайықты қолтаңбасын қалдыру.
А. Бисенов
10 шілде 2019 ж. 1 712 0