Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көл жағасы қалыпқа келеді

Көл жағасы қалыпқа келеді

Кейде табиғаттың тосын мінез танытып тұратыны бар. Бұл жолы Қамбаш көлі арнасынан тасып, бетіне қатқан мұз тастар көшіп, Аққұмшық жағажайындағы бірқатар демалыс орындарына зақым келтірді. Алайда одан адамға не болмаса сол маңдағы ел-жұртқа келер қауір жоқ. Сондықтан бір жағынан бұл жағдайдың орын алғанына қуанып жатқандар да жоқ емес. Себебі былтыр естеріңізде болса, Қамбаш көлі жағадан 100-200 метрге дейін алыстап кеткен болатын. Сонда жұрт аймақтағы кішігірім туристік өңірді де құрдымға жібергелі тұрмыз, мұның барлығы жер байлығына адамзаттың қолымен жасалып тұрған қиянат деп шуласқан-ды. Ол кезде жалғыз Қамбаш емес, өңірді қуаңшылық жайлап, өзге де көлді аймақтардың кенезесі кепкен болатын. Салдарынан мал қырылды. Шаруалар шаш етектен шығынға батып, ауданда төтенше жағдай жариялауға тура келді. Одан кейінгі жағдай аудан жұртшылығының көз алдында.
Хош... Тақырыпқа қайта оралайық. Аққұмшық жағажайындағы демалыс орындарына мұзды көшкін тап берді. Қатты желдің әсерінен су деңгейі көтеріліп, мұз қабаты 25-30 метрге дейін жағаға ығысқаны айтылды. Салдарынан жағажайдағы 6 демалыс үйі мен көше жарық шамдары зақымдалған. Оқиға орнына аудан әкімі Серік Сермағамбетов барып, жағдайды бағамдады. Әрине бұл жағдай Қамбаш көлінің деңгейі әлдеқайда артып, бұрынғы қалпына келіп қалғанын байқатса керек. Содан да болар әкіммен кездесуде бірқатар кәсіпкерлер болған жағдайға түсіністікпен қарап, алдағы жаз маусымына дейін дайындық жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.
Бұл жағдайға байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтылды. Қазіргі таңда арнайы тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, көл жағасындағы елді мекенге келер қауіп жоқ.
– Кеше орын алған оқиға бойынша зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Зақымдалған демалыс орындары бойынша арнайы тексеріс жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар жауапты сала мамандарының бақылауында. Қазіргі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Былтыр тамыз айында «Бұрмақұлақ» учаскесі бөгеліп, Аспай су ағытқысы іске қосылған болатын. Нәтижесінде Қамыстыбас көлі өз арнасына келді, – деді Б.Ізбасаров.
Естеріңізде болса, бұған дейін жергілікті билік тарапынан Сыр өңіріндегі бірқатар жайылымдық жерлерді суландырумен қатар көлдер жүйесін қайта қалпына келтіру мақсатында біршама шаралар қолға алынғаны белгілі. Аманөткел тұсындағы «Бұрмақұлақ» бөгетін бекітіп, «Аспай» су ағытқысын іске қосқаннан кейін көлдер жүйесіндегі мәселелер шешімін таба бастаған-ды.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Қызылорда облысына келіп жатқан судың мөлшері – 610 метр секунд. Ал Шардара су қоймасына 1000 текше метр су жіберілуде. Қазіргі уақытта Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесінде су толу көрсеткіші жобалық деңгейде. Бұл жөнінде «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы Су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев айтты.
– Қамыстыбас көлдер жүйесіне каналдар арқылы 387 млн текше метр су жіберілсе, Ақшатау көлдер жүйесіне 478 млн текше метр су жіберілді. Көктемгі су көлемінің ұлғаюына байланысты Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 1300 текше метрге дейін тасталуда. Осыған орай, уақытша мол суды құрғақшылықтың алдын алу мақсатында барлық аудандардағы каналдар арқылы көлдер жүйелері мен шабындық жайылымдыққа алып қалуға тырысудамыз. Тиісінше Қызылорда су торабының төменгі ағысына секундына 600-650 текше метр су өтеді деп күтілуде, – деді ол.
Ал «Аққұмшық» жағажайындағы  ғимараттарға келетін болсақ, бұл енді табиғаттың тосын мінезінен болып отырған жағдай. Бастысы, ол жерде көбіне жаз мезгілдерінде жұмыс жүретіндіктен адамға немесе жан-жануарларға шығын келмеген. Тіпті сол маңдағы өзге ғимараттардың қатты желдің салдарынан төбе жабындысы ұшып кеткен жағдайлар да тіркеліп отыр. Мұның барлығына алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Біз ауылдағы әкімдікпен хабарласқанымызда солай деді.
– Жағажайдағы зақым келген ғимараттар бір кәсіпкерге ғана тиесілі емес. Сондықтан жергілікті жердің азаматтары бұл мәселені өз күштерімен реттеуге ниетті. Бастысы, тартылып кеткен көл қайта қалпына келді. Ал қисайған жарық шамдар жергілікті әкімдіктің есебінен қайта қалпына келтірілетін болады. Әзірге жаяу жүргіншілер жолы жағаға жиналған мұз қабатының астында жатыр. Оларға да зақым келген болуы мүмкін. Біз күн жылып, мұз ерігенше жағдайды бақылауда ұстап, табиғаттың тосын мінезі салдарынан орын алған кемшіліктерді қайта қалпына келтіруге жұмыс жасайтын боламыз, – дейді Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі А. Исаев.
«Толқын» ақпарат
01 сәуір 2022 ж. 763 0