Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Банкрот" деп тануды қалай түсінеміз?

"Банкрот" деп тануды қалай түсінеміз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты өткізген кеңесте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін көтерген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес жедел іске кіріскен Қаржы министрлігі заң жобасын әзірлеп, оны қоғамның талқысына салуда.
Бүгінгі күні азаматтардың едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлаған. Оған   себеп – әртүрлі экономикалық құлдырау аясындағы әл-ауқат деңгейінің төмендеуі және өткен коронавирустық инфекция негізінде карантиндік шектеулердің енгізілуі. Елімізде төлем жасауға мүмкіндігі болмай қалған жеке кәсіпкерлерді, мекемелерді, кәсіпорындарды банкрот деп тану туралы заң бар. Алайда мұндай компаниялармен қатар жеке адамның да қаржы институттары алдындағы қарызын, несиесін өтеуге дәрменсіз болып қалатындығы анық. Мәселен, соңғы деректерге қарағанда, елімізде 1 миллионнан астам адам несиелерін төлей алмай отырғандығы және көптеген адамның коммуналдық, салық төлемдеріне қарыздары бар екендігі көрсетілген. Осындай азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру мақсатында осы заң – азаматтардың банкроттық механизмі ұсынылып отыр. Айта кетерлігі, бұл тек заң жобасы, нақты қолданысқа енгізілген жоқ. Бүгінгі күні заң жобасы  талқыланып, өзгерістер немесе толықтырулар енгізілу барысында.
Осыған орай Қаржы министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімнің 3 түрін енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, Банк алдындағы борышын 6 айдан аса уақыт төлей алмай жүрген адамдар өздерін «банкрот» деп жариялай алады. Заң жобасында борышкерді екі санатқа бөлген. Біріншісі – мүлкі жоқ және 5 млн теңгеге дейін қарызы бар адамдар. Олардың ісін сотқа жеткізбей реттеуге болады. Ал екіншісі – берешегі 5 млн теңгеден асып кеткендер кіреді. Олар бұл қарызды 6 айдан аса уақыт төлей алмаса, өзін банкрот деп жариялай алады. Ондай кезде сот әлгі адамның мәселесін жарты жыл қарастырады. Егер шынымен табысы жоқ екені анықталса, қарызы толық кешіріледі. Кейбір жағдайда әлгі адамның атында жылжымайтын мүлік болса, соны сату арқылы қарызын жапқызу қарастырылған.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Бірақ алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды.
Сотсыз банкроттыққа жүгіне алатын адамдардың нақты санаттары анықталды. Олар: қарызды төлеу мерзімі бес жылдан асып кеткендер; 100 АЕК-тен (306 300 теңгеден) аспайтын берешекті бір жыл төлемей жүргендер; 1 600 АЕК-тен (4 900 800 теңгеден) аспайтын қарызды алты ай төлемегендер.
Сотсыз банкроттықты жариялау туралы өтініш электронды үкімет порталы арқылы жіберіледі. Бұдан бөлек, "Е-салық азамат" мобильді қосымшасы арқылы жіберуге мүмкіндік болады. Құжат қабылданғаннан кейін мүліктің бар-жоғы, қарызды төлеу мерзімінің үш санаттың біреуіне сәйкес келуі және тағы басқа мәліметтер тексеріледі.
"Осылайша "банкрот" деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Атап айтқанда, заң жобасында бес жыл бойы кредит пен займ алуға тыйым салынып отыр. Бұдан бөлек, үш жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат болмайды. Шетелге тек емделуге, жақын туысын алып баруға және жақын туысын жерлеуге шығуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс істеу үшін де рұқсат берілуі мүмкін. Оны әлі де талқылау қажет",– деп атап өтті вице-министр М.Сұлтанғазиев.
Банкрот болу арқылы жеке тұлға банк алдындағы берешегінен құтылады. Бірақ содан кейін алдынан шығатын қаншама шектеулер бар екенін де ұмытпауы керек.
"Толқын" ақпарат
04 сәуір 2022 ж. 786 0