Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дежавю феноменін қалай түсінесіз?

Дежавю феноменін қалай түсінесіз?

Кейде дәл қазір болып жатқан оқиғаны бұрын-соңды көрген секілді сезімде боласыз. Иә, мұндай жағдай 97 пайыз адамның басында орын алады. Сондай-ақ осы кезде «бұл нәрсені бұрын көрген сияқтымын» деп өзіңізге таң қалып, жағдайды түсінбей отыруыңыз да мүмкін. Ал ендеше ғылыми көзқараспен қарайтын болсақ, дежавю аталатын бұл ұғымның мәні неде? Ғалымдар оны қалай жобалаған?
«Дежавю» сөзін француз тілінен аударсақ, «көріп қойғанмын» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, ол бұрын болған қандай да бір оқиғаны қайталағаны секілді көрінетін психикалық ахуал. Адам осы жағдай барысында алда не болатынын да біліп тұрғандай сезімде болады. Әдетте мұндай сезім 10-15 секундқа ғана созылады. Осы бір түсініксіз құбылысты зерттеуде маңызы басым сала – психология. Дежавюге зерттеу жүргізу барысында кей ғылымдар мистикалық түсіндірмелермен тұспа-тұс келеді деген қорытындыға да келген. Сонымен бірге эзотерикамен айналысатын адамдар бұл құбылысты өткен өмірдің белгілері деген пікірге де келген. Атақты психолог К.Г. Юнг дежавю құбылысын басынан өткізген. Психолог пікірінше, бұл өткен өмірдің белгісі емес, генетикалық есте сақтау қабілетінің мүмкіндігі деген тоқтамға келген. Осындай есте сақтау қабілетін Юнг айналамызда болып жатқан бейсаналық психикалық үрдістерге жатқызған екен. Яғни, адам миының бір бөлігі генетикалық жолмен естеліктерге ие болады.
Массагет  порталының дежавю саласы бойынша жинақтаған зерттеулер мен тәжірибелер тізімін көрелік.
Психоанализ. З.Фрейд дежавюді адамның ішкі жасырын ниетімен байланыстырды. Адамдар ойында түрлі оқиғаның кейіпкері бола алады. Жаңа болмыс қалыптастыруға қабілетті. Дегенмен, кей ойлағаны іске аспастан қалады. Алайда адамның санасы оны ұмытпайды. Осылайша, ойлағаны «ойламаған» жерде іске асқан шақта дежавю құбылысы байқалады.
Нейрохирургия. ХХ ғасырдың ортасында Уайлдер Пенфилд эпилепсия дертіне шалдыққан адамдармен жұмыс істеген. Олардың миына аздаған электр разрядын жібереді. Емделушінің көз алдына бейнелер келген. Кейін емделуші дежавю құбылысын сезінгенін айтады. Сол сәттен бастап зерттеушілер дежавюді ми жұмысының бұзылуымен байланыстырған.
Нейропсихология. Ғалымдар Э.Барбо мен А.Меклингер дежавюді мидың есте сақтау қабілеті бөлігіне  жіберетін қатесінен туындайды дейді. Ми бұрын ұмыт болған ақпаратты беру арқылы, оны жаңа, тың ақпарат түрінде қабылдайды деп түсіндірген.
Иә, өмірде түрлі құбылыстарға толы дүниелер жетерлік. Адамзат баласының психикасынан туындайтын, әлі толық зерттеліп үлгермеген нәрселер де бар. Соның бірі осы – дежавю екен. Негізінен психология саласы адам миында болып жататын ең күрделі оқиғаларды зерттейді. Сондай-ақ қаншама психикалық ауытқу түрлері де аз емес.  Әр сала, әр ғалым өз зерттеуі бойынша қорытынды пікірлер айтып жатады, бірақ нақты не себепті болып жатқандығын ешкім білмейді. Ал сіз дежавюді қалай түсінесіз?
А.НҰРЛАНОВА
23 сәуір 2022 ж. 510 0