Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық

Бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық

Арал мәселесі – жаһандық проблеммаға айналды. Бір кездері бірегей су қоймасы болған теңіз айдыны қазіргі уақытта өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық мәселеге айналып отыр. Бұл қиындықты еңсеру жолында бірнеше жылдар бойына үздіксіз түрлі шаралар қолға алынып, сол бағытта көптеген жұмыстар істелді. Кеше ғана Арал ауданында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы солардың бірі.

Жиында Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселесі сөз болды. Бұған дейінде "Жағдайды бұрын-соңды болмаған климаттық өзгерістер қиындатуда. Жылдық орташа температураның жоғарылауы байқалады, құрғақшылық, шаңды дауылдар, су тасқындары мен сел жүруі жиіленді, мұздықтар еріп жатыр. Біз Өзбекстанда экологиялық мәселелерге барынша мән береміз. Соңғы төрт жылда климат өзгеруінің салдарын бейімдеу және жұмсарту бойынша жүйелі шаралар қабылданды, – деп бір кездері әсем су қоймасының су ресурстарын ойланбай пайдалану оның жойылып кетуіне әкеліп соққанын және бұл мыңдаған адамға қасірет әкелгенін айтқан Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев Арал мәселесіне алаңдаушылықпен қарайтынын айтқан.
Міне, екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі қолға алынатынын және Аралды қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жиынға қатысқан Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Олий Мәжіліс Сенатының депутаттары және Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Бахтиярұлы, Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешев, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинвальдің сөздерінен аңғардық. Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалығымен өткен жиынға тікелей байланыс арқылы қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы Мәулен Әшімбаев:
– Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары Арал проблеммасын шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бір кездері бірегей су қоймасы болған Арал қазірде өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблеммаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз, – деп бастады сөзін. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қаржыландыруы нәтижесінде жүргізілген ғасыр жобасына баланған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау(САРАТС)» жобасының қолға алынуы табысты болғандығын жеткізді. Бірінші кезеңін іске асырылуарқылы өте маңызды қадам жасап, бүгінде жақсы нәтижеге қол жеткенін жасырмады. Бірақ қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін әлі де болса көп жұмыс істелу керек. Алда жаңа міндеттер тұр. Ауқымды кешенді қамтитын САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру қажетті қадамдардың бірі.
Сондай-ақ Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдап, Халықаралық Аралды құтқару қорының платформасын барынша пайдалану маңызды екенін, бұл басқа өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өзара тиімді және оңтайлы тәртібі болатын тілге тиек етті.
Маңызды мәселелерді одан әрі жалғап айтқан Палата Спикері:
– Бірінші кезекте, Арал мәселесі бойынша қазіргі проблемаларды шешуге байланысты мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, белгіленген жоспарлардың іске асырылу барысына парламенттік бақылау жүргізуді тиімді пайдаланған жөн. Депутаттық корпус Арал мәселесі бойынша және өңірді дамыту жөніндегі бастамаларға қажетті заңнамалық қолдау көрсете алады. Бірлесіп, бұл мәселелерді халықаралық алаңдарда да белсенді түрде ілгерілетудің де берері мол деп есептейміз. Жалпы бізде тиімді бірлескен жұмыс үшін қажетті мүмкіндіктер мен ресурстар бар, – деді.
Өз кезегінде көршілес елдің делегатын бастап келген Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Сенаты төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі жалғасатынын айтып, адамзат қолынан қиянат көрген теңіздің тағдырын сөз етті. Құрғаған теңіз табанына бүгінге дейін 1700 мың гектар жерге отырғызылған сексеуілдің де тиімділігін сөз етті.
Екі ел өкілдері бас қосқан жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев:
– Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер! Мәулен Сағатханұлы, бүгінгі комиссия отырысын Арал өңірінде өткізуге шешім қабылдағаныңыз үшін Сізге және атсалысқан өзге де әріптестеріме зор ризашылығымды білдіремін. Кешеден бері Өздеріңізбен бірге Көкарал бөгетінің жағдайымен танысып, Арал қаласын аралап, енді ортақ мәселелерді талқылау үшін жиналып отырғанымызға қуаныштымын! – деп екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл отырыстың маңыздылығын атап өтті.
Мұнан бөлек тікелей байланыс арқылы қарақалпақсатандықтар да бірлескен жобаны қолдайтындығын көрсетсе, Якуп Бериш пен Кэролайн Кларинвальдің да пікірі тыңдалды.
Жиыннан бір күн бұрын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Сенаты төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев бастаған жұмысшы топ Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне барып, жағдайын көрді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Су ресурстар комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров та екі ел депутаттарымен бірге барып, бөгеттің қазіргі жағдайын бақылап, сол жерде екеуара ортақ мәселелерді талқылады.
Бөгет басында Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру жөнінде сөз қозғасы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құрғаған теңіз табанындағы су тапшылығын азайту жөнінде жасалып жатқан шаралар және фито-мелиорациялық жұмыстарды баяндады. Ұзындығы - 13 км, ені - 9 м Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстары 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейін жүргізілген. Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу үшін мақсатында салынған бұл бөгеттің нәтижесін ел көріп отыр. Нақтырақ айтар болсақ су көлемі 15,6 км3-тен 27,1 км3-ке жетсе, балық түрлері де артып, балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін өскен.
Ал САРАТС-тың екінші кезеңі іске асса Солтүстік Арал бөлігінде 50 км3 суды сақтап тұруға қол жеткіземіз. Бұл балық аулау көлемі де екі есеге өседі деген сөз және Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарады, – деді Нұрлан Алдамжаров.
Сондай-ақ делегаттар жылына 4000 тонна балық өндейтін «АРАЛ SEАFOOD» балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Табан еті, торта, шортан, сазан өнімдерін әзірлеп қана қоймай Қазақстан нарығынан бөлек ТМД елдеріне экспорттап келе жатқан зауытта жұмысшылар асхана, жатақханамен қамтылған. Шикізатты қабылдау және өнімді қайта өңдеу цехы, тоңазытқыш сақтау камералары, мұздатқыш бар.
Зауыт жұмысымен танысу барысында екі елдің Сенат депутаттарына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай аймақтағы балық шаруашылығының бүгінгі қарқынды дамуы жайлы сөз етті. Алдағы перспективалық жобалармен таныстырды.
Бүгінде балық аулаудан бөлек балық өсіру жұмысы да жүйелендірілген. Балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесімен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп, өсіріледі.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 сәуір 2022 ж. 501 0