Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал апатын назардан тыс қалдыруға болмайды – Өзбекстан президенті

Арал апатын назардан тыс қалдыруға болмайды – Өзбекстан президенті

Орталық Азиядағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелеріне келгенде, әрине, қазіргі заманның ең өткір экологиялық проблемаларының бірі – Арал апатын да назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты.

Сұхбат барысында Мирзиёев бір кездері әсем су қоймасының су ресурстарын ойланбай пайдалану оның жойылып кетуіне әкеліп соққанын, оның арты мыңдаған адамға бақытсыздық пен қасірет әкелгенін айтты.

Жағдайды бұрын-соңды болмаған климаттық өзгерістер қиындатуда. Жылдық орташа температураның жоғарылауы байқалады, құрғақшылық, шаңды дауылдар, су тасқындары мен сел жүруі жиіленді, мұздықтар еріп жатыр. Біз Өзбекстанда экологиялық мәселелерге барынша мән береміз. Соңғы төрт жылда климат өзгеруінің салдарын бейімдеу және жұмсарту бойынша жүйелі шаралар қабылданды, – деді ол.

Сонымен қатар ол Өзбекстан Арал теңізі құрғауының зардаптарын барынша азайтуға ерекше көңіл бөліп жатқанын жеткізді. Бүгінде оның кеуіп қалған табанына жасыл желек отырғызу бойынша үлкен бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қарақалпақстанды 2020-2023 жылдарда кешенді әлеуметік-экономикалық дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Өзбекстан осы экологиялық апаттың салдарымен Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру үшін белсенді қадамдар жасауда. Он жылдық үзілістен кейін 2018 жылы Түрікменстанда Аралды құтқару Халықаралық қорының отырысы өтті. Содан кейін Өзбекстанның бастамасымен Арал өңірі үшін БҰҰ-ның адам қауіпсіздігі жөніндегі көпсеріктестік Траст қоры құрылды. Аймақ елдерінің, соның ішінде Қазақстанның қолдауының арқасында 2021 жылдың мамыр айында БҰҰ Бас Ассамблеясы Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау туралы арнайы қарар қабылдады, – деді Мирзиёев.

Сөз арасында ол бауырлас Қазақстан да Арал теңізінің қалған бөлігін қалпына келтіру үдерістеріне белсене араласып, су ресурстарын ұқыпты және тиімді пайдалануға, табиғатты қорғауға бағытталған, дер кезінде жасалған маңызды бастамаларды іске асырып жатқанын айтты.

Өзбекстан мен Қазақстанның күш-жігерін бұдан былай да біріктіру өңірдің көптеген өзекті мәселелерін шешуге оң әсер ететініне бек сенімдімін. Тек бірлесіп қана біз барлық сынақты еңсере аламыз, балаларымызға жарық болашақты қамтамасыз етеміз,-деді Өзбекстан президенті.

baq.kz​​​
05 желтоқсан 2021 ж. 415 0