Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзбекстан Президенті 15 наурызда Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді

Өзбекстан Президенті 15 наурызда Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстанның Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен 2018 жылдың 15 наурызында Астанаға жұмыс сапарымен келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі Өзбекстан президентінің сайтына сілтеме жасап.
Сапар барысында өзбек делегациясы кең ауқымды күнтәртіпті қамтитын Орталық Азияның елдері мемлекет басшыларының бірінші жұмыс (консультативтік) кездесуіне қатысады. Бұл кездесу 2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында сөз сөйлеген Президент Ш.Мирзиеевтің ұсынысы болатын, ол оны қараша айында Самарқандта өткен «Орталық Азия: Тұрақты даму және бірге өркендеу үшін ортақ тарих және ортақ болашақ» атты халықаралық конференцияда жетілдіріп тұтас бағдарламаға айналдырды.
Өзбекстанның бастамасы аймақтағы барлық елдің қолдауына ие болды. Қазақстан алғашқы кездесуді Астанада жоғары деңгейде өткізуді ұсынған болатын.

Сол күні Өзбекстанның басшысы Қазақстандағы Өзбекстан жылының ресми ашылу рәсіміне қатысады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті мен Қазақстан Президентінің екіжақты кездесуі жоспарланған.

Айта кетсек, Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Комил Алламжоновтың мәлімдеуінше бұған дейін шет елдерде Өзбекстан күндері өткізілген, алайда Өзбекстан жылы алғаш рет өткізілмекші. Осыған байланысты ауқымды іс-шараға әзірлену үшін Астанаға құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, қолөнершілер, журналистер және басқа сала өкілдері бар Өзбекстанның делегациясы келді.

Еске сала кетсек, Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі туралы бұған дейін Елбасының алдағы жұмыс кестесін жария еткен Ақорда баспасөз қызметі хабарлаған болатын.
14 наурыз 2018 ж. 1 931 0