Сексеуіл жылыжайы ашылды

– Біз Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің мақсаттарына сәйкес «Нексус» жобасы арқылы Солтүстік Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін қолдауға қуаныштымыз, – деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі, жоғары мәртебелі Свен-Олов Карлссон.
Арал теңізінің құрғап қалған түбін көгалдандыру шөлейттенуге қарсы және тұзды топырақты азайтудың тиімді әдістерінің бірі болып саналады. Осыған сүйене отырып, бұл жылыжайлар мен туманарий Аралдың түбін көгалдандырудың ең тиімді әдісінің көрсетілімдік мысалы болады.
– Ғылыми бақылауларға сәйкес, бұл әдіс көшеттердің бейімделуінің және тіршілік етудің жоғарылауына 90% дейін әсер етіп қана қоймай, ерте пісуіне де септігін тигізетін болады. Осылайша тұқымдарды 2-3 жыл бұрын жинауға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз.
«Нексус» жобасын Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы жүзеге асырады. Жобаны іске асыру мерзімі 36 айды құрайды.
Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім 2020 жылдың наурызында толық заңды күшіне енді. Келісім аясында 29 бағыт бойынша ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалайды. Және басқа бағыттармен қатар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі мәселесі маңызды салалар қатарында.
Арал теңізінің тартылуы тұзды топырақты ірі Аралқұм шөлінің қалыптасуына әкелді. Шөл Орталық Азияда және одан тыс жерлерде шаңды және тұзды дауылдардың негізгі көзіне айналды. 5,5 миллион гектардан астам аумақты алып жатқан бұл шөл жыл сайын 100 миллион тоннадан астам шаң мен улы тұз түзеді, оларды Қызылорда облысының (Қазақстан), Дашогуз велаятының (Түрікменстан), Қарақалпақстан Республикасының, Хорезмнің, Бұхараның және Науаи облысының (Өзбекстан) территориялары бойынша атмосферада мыңдаған километрге шашыратады.
Бұл экологиялық залал әлемді алаңдатуда. Осыған байланысты теңіздің тартылған орнын жабық жылыжай арқылы көгалдандыру тиімді әдіс болып отыр.
«Толқын» ақпарат