Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зайырлылық қағидаттарын сақтау – басты міндетіміз

Зайырлылық қағидаттарын сақтау – басты міндетіміз

Қазақстан Республикасы Конституциясы 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген.
Зайырлылық қағидаттарына сәйкес мемлекет пен діннің ара-қатынасы ажыратылған. Қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттеледі.
Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпайды, ал азаматтардың өзі қалаған дінді ұстануы оның конституциялық құқы болып табылады.
Тек, басты талап – діни бірлестіктер мен мүшелерінің іс-әрекеттері белгіленген құқықтық нормалардың шеңберінен шықпауы керек. Егер, діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келсе, соның салдарынан ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, қоғамға кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының 1-тарау. 1-бап. Осы Заңда пайдаланатын негізгі ұғымдар:
ғибадат үйі (ғимараты) – құдайға құлшылық етуге, дұға оқылатын және діни жиналыстарға, діни тәу (мінажат) етуге арналған орын;
діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
діни қызметші – діни, уағыздаушылық қызметке тиісті діни бірлестік уәкілеттік берген адам;
діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан  Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
 «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салынған  тыйымдар:
     1) арнайы белгіленбеген орындардан тыс жерлерде дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге;
     2) рұқсатсыз қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға;
       3) сараптамадан өтпеген діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға;
        4) рұқсатсыз ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзуға;
        5) заңды діни қызметке кедергі келтіруге, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзуға немесе олардың діни сезімдерін қорлауға не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге;
        6) миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыруға, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуларына;
        7) діни бірлестіктің өз жарғысында көзделмеген қызметті жүзеге асыруына;
        8) діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуына, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуына және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуіне, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуына не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестік мүшелерінің  иемденіп  алуына;
        9) мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, мекемелерде, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында діни бірлестіктердің  ұйымдық  құрылымдарын  құруға;
       10) уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруына, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын  қолданбағанда.
Жоғарыда аталған заңнама талаптарын бұзу, өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 1-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларын және 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарын бұзу 50 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады.      Сонымен қатар, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабының тармақтарына сәйкес айыппұлмен қатар мынадай  әкімшілік  шаралар  қолданылады:
1) әкімшілік айыппұл;
2) қызметін тоқтату;
3) қызметіне тыйым салу;
4) ел аумағынан  әкімшілік  шығарып  жіберу.
         Жоғарыда айтылған заңдылықты сақтап, елдегі әр адамның тұрақтылықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі екендігін ұмытпаса екен.
Ж. ӨТЕГЕНОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының» Арал ауданы бойынша бөлімше меңгерушіcі
23 сәуір 2022 ж. 597 0