Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары 2025 жылдан бастап тексеріледі

Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары 2025 жылдан бастап тексеріледі

Өткен жылдың соңында мобильді аударымға байланысты заң жобасы қаралғанда, көпшілік банкомат жағалап, ақшаны қолма-қол алып, әбігерге түсті. Дүкен иелері, такси жүргізушілері мен шаштараз сынды қызмет көрсету орындары қызметтері үшін төлемді мобильдік аударымнан қабылдамай, қолма-қол  ақша талап ете бастады. Кейін бұл ақпараттың жалған екендігі анықталған соң, көпшілік көңілі тыныш тапқандай болды. Дегенмен 15 сәуірден бастап Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың банк шоттарының арасындағы мобильді ақша аударымдарына мониторинг жүргізе бастады.
Халық болса мобильді төлемге қатысты салық енгізудің қажеті жоқтығын алға тартады. Ал Қаржы министрлігі тауар және ұсынылған қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы қабылдау бизнес иелерінің салықтан жалтарып кетуіне жол беретіндігін, сондықтан бұл бастаманың көлеңкелі кәсіпті айқындауға негізделгенін айтады. Егер бір адамның жеке тұлға ретінде ашқан банк шотына 3 айдың ішінде 100 және одан да көп адамның банк шотынан ақша аударылған болса, бұл кәсіпкерлік қызметтен пайда табу болып есептеледі. Онлайн аударым бірнеше ай бойы жалғасса, онда тиісті органдар есепшоттың иесін тексеріп, оған салық салынады. Бірақ жеке адамдар арасындағы онлайн аударымдарға бұл өзгерістің қатысы жоқтығын еске салады.
"Бұл бастамалардың мақсаты цифрлық кеңістікте бизнесті дамытуды көздейді, қолма-қол ақшаға көшуді мүлдем көздемейтінін ескеріңіз. Мұнымен қоса, барлық мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі екен деген ақпарат та негізсіз. Жалпы жеке аударымдарға салық салынбайды", – делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.
         Айта кетерлігі, Қазақстанда келесі жылдан бастап мобильді ақша аударымдары туралы мәліметті са­лық органдарына екінші дең­гейлі банк­тер береді. Салық ко­дексі шең­бе­рінде қолда бар санаттарды 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жү­зеге асырмақшы. Бірінші кезең – 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайлары, екінші кезең – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары, үшінші кезең – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары, төртінші кезең – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың қалған барлық санаттары бойынша ақпарат беріледі.

"Толқын" ақпарат
26 сәуір 2022 ж. 571 0