Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының екі тұрғынына қымбат тұратын ота жасалды

Қызылорда облысының екі тұрғынына қымбат тұратын ота жасалды

Кенеттен қайтыс болған жағдайлардың 70-80% - ында қарыншалық тахиаритмия болап табылады. Бұл жылдам ырғақ (минутына 100-ден астам) жүректің тоқтауына әкелуі мүмкін. Осы жағдайда науқастарға автоматты кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау бойынша ота өту ұсынылады.
Байқоңыр қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек ұзақ жылдар бойы артериялық гипертензиямен аурады. 57 жастағы ер адамның жүрек ырғағының бұзылуынан тыныс алу, әлсіздік, аяқтарының ісінуі мазалайды. Үш жыл бұрын оған автоматты кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау ота жасалған. Осы жылдың ақпан айында науқасқа имплантантты ауыстыру тағайындалып, Қызылорда қаласындағы көпсалалы облыстық аурухананың кардиохирургтары жоспарлы отаны сәтті жасады.
Осындай жоспарлы ота Жалағаш ауданы Жалағаш кентінің ресми жұмыссыз тұрғынына жүргізілді. 60 жастағы ер адам бұрын миокард инфарктімен ауырған және стенттеу жүргізілген. Ағымдағы жылдың наурыз айында кардиохирургтер жаңа дефибрилляторды науқастың жүрегіне орнатты. Екі науқас толыққанды өмірге аман-есен оралды.
 «Жоғары технологиялық медициналық көмек диагностика мен емдеудің инновациялық, бірегей әдістерінің көмегімен көрсетіледі. Шұғыл жағдайларда ЖТМК - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Егер жоспарлы түрде болса, онда науқастың емделушінің мәртебесі «сақтандырылған» болуы тиіс. Бұл жағдайда медициналық қызметтерді МӘМС-тің активтері есебінен көрсетеді. Осы екі науқасқа да қымбат тұратын ота МӘМС жүйесі арқылы жасалды. Дефибриляторды имплантациялаудың құны 8,4 млн. теңге құрайды», - деді Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының медициналық көмек сапасын бағалау және келісім-шарттық міндеттемелерді мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Гүлнар Кенжебаева.
ӘМСҚ филиалының маманы түсіндіргендей, науқастың диагнозы негізінде учаскелік дәрігер бейінді мамандардың кеңесіне жібереді. Егер хирургиялық араласу қажеттілігі расталса, онда МӘМС-те сақтандырылған науқасты жоспарлы емдеуге жатқызуға дайындай бастайды. Емхана осыған  қажетті талдауларды жинап, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына орналастыруды жүргізеді.
ӘМСҚ филиалының деректері бойынша, 2021 жылда 94 жоғары технологиялық оталар жасалды. Оталардың көбі медсақтандыру аясында. Бұл мақсатқа Әлеуметтік медсақтандыру қорынан шамамен 539,3 млн. теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың басынан Қор жалпы сомасы 85 млн.теңгені құрайтын 15 отаны қаржыландырды.



28 сәуір 2022 ж. 586 0