Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтар сіздің атыңыздан кредит алса, не істеу керек?

Алаяқтар сіздің атыңыздан кредит алса, не істеу керек?

Алда-жалда алаяқтардың құрығына түсіп, банкке қарыз болып қалсаңыз, не істеу керек?

Кредиттен құтылу жолдары

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, сіздің атыңыздан заңсыз несие алғанын анықтауға кредит тарихы көмектеседі. Сондықтан алаяқтардан сақтану үшін несие тарихын ара-тұра тексеріп тұрған абзал. Кредиттік бюроның базасында әр банк пен кредиттік ұйымның қарыз алушылары туралы мәлімет бар.

Егер адам алаяқтардың кесірінен банкке берешек болып қалса, ең алдымен, несиені берген кредиттік ұйымның атауын білуі қажет. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына арызданған жөн. Адамның жазуын танып айыратын сараптама тағайындалады. Ол кредит туралы келісімшартқа несие алушы қол қоймағанын дәлелдейді.

Алаяқтар қай банктен несие рәсімдегенін анықтаған соң, сол банкке қолда бар ақпаратты көрсетіп, арыз жазу керек. Төлем картасы немесе жеке куәлікті жоғалтып алған жағдайда, соны растайтын анықтаманы қоса ұсыну қажет. Банктен міндетті түрде қызметтік тексеріс жүргізуді талап етіңіз. Банк қызметкерлері сіздің арызыңызды тіркеп, сізде қалатын арыз көшірмесіне оны қабылдаған күнмен бірге тіркеу нөмірін қоюға міндетті.

Бұдан бөлек, банк сізге несие туралы келісімшарт көшірмесін, оның қосымшалары мен жеке басты анықтайтын құжаттарды, сонымен қатар ақша аударылған шоттың реквизиттерін беруге тиіс. Алаяққа кредит беріп, оны рәсімдеген қызметкердің мәліметтерін де нақтылаған абзал. Егер банк сізге осы құжаттарды ұсынудан бас тартса, сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана аласыз.

Ал егер несие кредитоматта (қарыз беретін автоматтандырылған жүйе) рәсімделсе, несие алған адамды терминалға орнатылған бейнекамера арқылы табуға болады.

Егер бұл онлайн қарыз болса, полиция қаскөйлерді IP көмегімен анықтайды.

Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңізбен алаяқтар алғанын дәлелдей алмаса, келісімді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беру қажет. Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарса, банк сізден несиені төлеуді талап етуді тоқтатып, берешекті есептен шығаруға және кредиттік бюроға сіздің несие тарихыңыздан бөтен біреудің қарызы туралы ақпаратты алып тастау туралы хат жолдауға тиіс.

Несие тарихын қайдан алуға болады?

Жеке несие тарихын Мемлекеттік кредиттік бюродан немесе Бірінші кредиттік бюродан, сондай-ақ электронды үкімет сайтынан онлайн алуға болады.

Кредиттік бюро несие тарихын жылына бір рет тегін береді. Одан кейін бұл қызмет үшін ақы төлейсіз. Соңғы кездері қаржы алаяқтарының көбейіп кеткенін ескерсек, кредит тарихын үнемі тексеріп тұрған дұрыс.

Банк кредит берерде, кредиттік бюродан сіздің несие тарихыңызды сұрату үшін сізден жазбаша рұқсат сұрауға тиіс. Әр банк несие беру-бермеу туралы шешімді өзі қабылдайды. Кредиттік бюроның бұған еш қатысы жоқ.

Кредиттік бюро азаматтың несие тарихын кемінде он жыл сақтайды. Жеке несие есебіндегі ақпарат құпия мәлімет саналады. Сол себепті оны үшінші тұлғаларға жария етуге болмайды.

Қаржы алаяқтарынан қалай қорғануға болады

-жеке мәліметтерді, соның ішінде жеке куәлік көшірмесін ешқашан бейтаныс адамдарға жібермеңіз;

-әлеуметтік желіге төлем картасының реквизиттерін жарияламаңыз;

-телефон қоңырауына көбіне «иә» деп жауап берсеңіз, бұл әдеттен арылыңыз. Өйткені алаяқтар сіздің даусыңызды жазып алып, сіздің атыңыздан кредит алуы мүмкін;

-құпия ақпарат сұратып, тіркелуді талап ететін сайттың адресінде HTTPS:// префиксінің бар екеніне көз жеткізіңіз;

-егер ұйым сайты немесе парақшасы фейк екеніне күмәндансаңыз, сол ұйымға хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз;

-өздерін қаржы ұйымының қызметкері деп таныстыратын бөтен адамдарға сенбеңіз, жеке мәліметтеріңізді айтпаңыз. Ең дұрысы, телефонды қоя салып, әңгімені аяқтау;

-қол қоятын барлық құжатты мұқият оқып шығыңыз, онда көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеріңіз.

kyzylorda-news.kz
02 мамыр 2022 ж. 543 0