Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамыр айы – қадірлі ай

Мамыр айы – қадірлі ай

Қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың үшінші айы – мамыр айы. Бұл ай шаруалар үшін – қадірлі ай. Жауын-шашын көп болып, шөптің бойы көтеріледі, жан-жануарлар түлеп, өсімдік гүлдейді.
Қазақ тілінде ай аттарының бірнеше нұсқасы сақталған. Мәселен, мамыр айы Кеңес дәуірі кезінде әдеби тілде май делінді. Мұқағали Мақатаевтың шығармаларында "Мамылжыған мамырдан май тамып тұр" деген жолдар кездеседі. Ал ай аттарына қатысты шыққан еңбектерде мамыр айы шаруалар тілінде сәуір, аңшылар тілінде құралай айы деп аталатындығы көрсетіледі.
Мамыр атауының шығу төркіні көктемгі табиғат құбылыстарының ерекшелігіне сүйенеді. Қазақ сөздігінде берілуі бойынша, мамыр сөзі күнтізбелік жылдың бесінші айы, көктемнің үшінші айы, жаймашуақ кез, "Жылқының аяқ ауруы", "үйрек, қаздың балапаны" деген мағыналарды білдіреді. Себебі қазақ күнтізбесін зерттеушілер көлге қонған қаз бен үйректің бабына келіп, семіріп, балапанданып, мамырлап қалу құбылысымен байланыстырады, яғни құстардың семіріп, ұша алмай, мамырлап қалған сәтімен теңестіреді.
Жалпы көктемнің басты белгілерінің бірі – жыл құстарының ұшып келіп, жұмыртқа салуы, сайраңдауы, көлдің сәнін келтіруі. Мамыр айы осыған орай аталса керек. Шынында да, осы айда аққу, қаз, үйрек құстары балапандарын ұядан ұшырады. Тілімізде мамыр сөзінен қалыптасқан мамыражай "жаймашуақ, жадыраңқы қалып, күй", мамырлау "баяу қозғалып, жай басу" сияқты  қолданыстары бар. Сонымен қатар мамыр айында аспан әлемінде түрлі құбылыстар болып жатады. Бұл айдың орта шенінде Таразы, Үркер, Сүмбілелер жатып қалады.
Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде "қызыл жұмыртқа" деп аталатын осы кезде 1-2 күнге созылатын суық болады. Мамыр айының аяғында "Құралайдың салқыны" деп аталатын суық жел соғады. Өйткені осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады.
Құралай салқыны – Григориан күнтізбесі бойынша 15-18 мамырда кіріп, 25-28 мамырда аяқталатын амал. Бұл кезде қатты ұшырма жел соғып, салқындық болады. Мезгіл-мезгіл нөсерлетіп, кей жылдары қар аралас жаңбыр жауады. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.
Сонымен бірге мамыр айында дүниеге келген жандар жер-жаһанды кезіп, шартарапты аралағанды ұнатады. Қызық оқиғаға құмар. Олар табиғатынан табанды, қайратты, алған бетінен қайтпайды, рухы биік. Әрдайым алғы шепте болу оның басты қағидасы. Олар өз қағидатына берік, адал. Сонымен қатар оларға сенім артуға болады. Олар жақсы, адал дос, жолдас. Ұялшақтығына қарамастан, мамыр айында туғандар небір оқиғаның басы-қасында жүреді. Олар тәуекелге бел буып, қауіпке бәс тігіп, небір оқиғаға еніп кетуге дайын болады.
К.Махсұт
04 мамыр 2022 ж. 2 164 0