Әскери-техникалық мектептің түлектері ант қабылдады

Бұл биылғы жылы әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектердің екінші легі. Сарбаздар теориялық, тактикалық дайындықтарды меңгерумен қатар, «Тереңөзек» оқу-жаттығу полигонында екі мәрте қарудан оқ атып үлгерді. Аталған техникалық мектепте қырық күндей жоспарға сай қажетті даярлықтан өтті. Оқу барысында жауынгерлік атысқа дайындықтың ерекшеліктерін оқып, әскери-патриоттық тәрбие сағаттарына қатысты. Әскери-техникалық мектеп қысқа мерзім ішінде жастардың әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік беруде.
- Әскери-техникалық мектебінің ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз. Оқу барысында әскери тәртіпке баулып, нағыз жауынгер қандай болу керектігін іс-тәжірибелік сабақтарда үйретті. Осындай ортада білімімді шыңдап, әскери тақырыптар бойынша біршама мәліметтерге қол жеткіздім. Мектепті бітірген соң әскери қызметке орналассам деген ниетім бар, - дейді мектеп түлегі Қорған Өтегенов.
Әскери-техникалық мектептерге іріктеу жылына 7 рет өткізіледі. Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебі жылына шамамен 130-дан астам азаматтарды оқуға қабылдайды.


Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,
лейтенант