Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек түбі – береке

Еңбек түбі – береке

Бүгінгі технология қарқынды дамыған заманда қоғамдағы түрлі сала да өз бетінше даму үстінде. Соның ішінде аса танымалдылыққа ие – кондитер маманы болып отыр. Жақындарымызды қуанту мақсатында немесе туған күн кештерінде адамға ерекше әсер беретін әдемі торттың маңызы зор емес пе?!
Мерекелік дастарқанның сәнін келтіретін түрлі нан өнімдерін жеке кәсіпке айналдырып отырған жандар да жетерлік. Сондай-ақ ауданымызда да кәсіп көзін ашып, қалың көпшіліктің ризашылығын алып жүрген  кәсіпкер қыз-келіншектер де бар. Соның бірі – Әлия Қуанышқызы. Қай кезеңде болмасын сәннен қалмаған, сұранысқа ие тәттінің түрі – медовый торт пен лакомка және тағы басқа нан өнімдерін жасап отыр. Тойларға тапсырыс алып, әр мереке қарсаңында ерекше торт үлгілерін жасап келе жатқанына биыл 6-7 жыл болып қалған. Әлия Махмутова өз кәсібі жөнінде:
–Иә, қай жұмыстың болсын жеңілі болмайтыны белгілі. Кондитер саласының да өзіндік қиындықтары болып тұрады. Тек адамда кәсіпке деген шынайы ниет болса, ешбір қиындыққа мойымайды. Менде бұл кәсіпті қолға алмас бұрын қобалжу мен қорқыныш та болды. Жанымда анам ғана болғандықтан, таң атқаннан кеш батқанға дейін торт пісіретінбіз. Осылайша «көз қорқақ, қол батыл» демекші, қолдан келгенше алға ұмтыла бердім. «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау аясынан қайтарымсыз грант жеңіп, өз кәсібімді әрі қарай дамыта бердім. Қазіргі таңда қарамағымда 4 қыз жұмыс істейді. Азанғы уақыттан бастап күніне 80-100-дей медовый торт пен 300-400-дей лакомка істейміз. Ал қалған десерт, кекс және бөлке тәрізді нан өнімдерін тапсырыспен жасаймыз. Торт пісіруге арналған барлық дерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дайын болған нан өнімдерін жолдасым әр түрлі ірі-шағын сауда орталықтарына сатады, – дейді кәсіпкер.
Кәсіп бастаймын деген әр азаматқа елімізде түрлі бағдарламалар қарастырылған. Өз жолын тауып, кәсіп көзін ашып, халық ризашылығына бөленіп отырған жандар да баршылық. «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді» демекші, келешек жас буын тәрбиесіне де адал еңбектің наны қандай боларын ұқтыра білуіміз қажет.
А. НҰРЛАНОВА
14 мамыр 2022 ж. 1 029 0