Ескі жиһазға көрік берген
Кәсіпкерлік – өрісі кеңейген сала. Қай заманда да адамды адам еткен еңбек десек, сол еңбектің арқасында өз кәсібін жолға қойған жандар қатары ауданда да жетерлік. Ал енді, кәсіпті жаңадан бастаймын деген жан үшін де мемлекеттен беріліп жатқан мүмкіндіктер көбейіп келеді. Бұл, әрине, кәсіптің арқасында өз-өзін жұмыспен қамтушылар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондай мүмкіндіктерді пайдаланған жандардың бірі – Сәуле Елемесова.Ол бүгінде тозығы жеткен үй жиһаздарын жаңа етіп қалпына келтірумен және көлік салонын түрлі деңгейде қаптау ісімен айналысады. «Бастау-Бизнес» жобасының 2019 жылғы түлегі саналатын кәсіпкер Сәуле озық идеясы мен кәсіпке деген ынтасының арқасында мемлекеттік грант иегері атанып, 500 мың теңгеден астам қаржылай қолдауға ие болды.
Бала кезінен тігінге қызығушылығы оянған кейіпкер, тігінді бизнеске айналдырсам деген ойынан еш айныған емес. Тіршіліктің қалың шаңынан бір сәт арылып, қолы қалт еткен кезде ол өзіне ине мен жіпті және тігін машинасын серік етті. Келе-келе үй жағдайында тозығы жеткен түрлі жиһаздардың маталарын жаңадан алмастыруды кәсіпке айналдырды. Көзін тапқанға бұл да кәсіп.
– Әдетте үйлерде тозығы жеткен орындықтар мен өзге де үй жиһаздарын көріп жүретін кездер болады. Тіпті сондай мүліктердің қоқыста жатқандары қаншама?! Сүйектері сау, тек қаптауды қажет ететін сол жиһаздарды қайта қаптаса, сәні келері сөзсіз. Менің бұл жұмысым мүлікті жаңадан сатып алғанға қарағанда, әлдеқайда тиімді деп ойлаймын. Сонымен қатар өзім жеңіл көліктердің ішкі бөліктерін қаптаумен де айналысамын. Орындық, есік, төбе сынды көлік салонын қаптау мен үшін үйреншікті жұмыс. Тапсырыс түссе уақытылы орындап, қалған уақытта өз көлігіммен такси боламын. Негізі, мына заманда қолы қимылдағанға тіршілік табылады. Тек икемін тауып, қиюын келістіру керек, – дейді Арал қаласының тұрғыны Сәуле.
Кәсіпкер алдағы уақытта өзінің жиһаз құрастыратын, тапсырыстар қабылдап, өнім өндіретін өзінің кәсіпкерлік нысаны болғанын қалайды. Негізі, үлкен жұмыстардың өзі кішкентай кәсіптен басталатынын жақсы түсінетін ол, алдағы уақытта мемлекеттен берілетін төмен пайыздық несиеге қол жеткізсе, ойда жүрген жобасын жүзеге асыруға ниетті. Өйткені ол қай істе де бастысы талап, қалғаны еңбекпен келетін жетістік екенін жақсы түсінеді.
А. ҚАРАСАЙ